БАҚ біз туралы

Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парыз

Еліміздегі басты мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында KEGOC АҚ ұжымында мемлекеттік тіл мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін бірқатар іс-шарадан тұратын арнайы жоспар бекітілген болатын. Мақала барысында осы жоспар аясында және өзге де атқарылып жатқан игі шаралар жайында кеңірек тоқталатын боламыз.

Мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында қызмет ету және өз үлесін қосу әрбір қазақстандықтың алдында тұрған парыз. Туған тілдің өрісін даурықпа сөз­дермен емес, тиянақты құрылған жос­пар­дың аясында атқарылатын байыпты іс-шаралармен кеңейтуге де болады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген жолдарында үлкен мән жатыр.

Бұл қағидатты «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы KEGOC АҚ да берік ұстанады. Компанияда мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданылу аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Яғни KEGOC АҚ іс-шаралар жос­парына сәйкес мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылып келеді: мемлекеттік тілді оқыту жүйесін ұйым­дас­тыру және қазақ тілін меңгеруге жағдай жасау, мемлекеттік тілде іс жүргізуді жетілдіру, әдістемелік көмек көрсету, мемлекеттік тілді насихаттау және танымалдылығын арттыру.

КEGOC компаниясында 2014 жылдан бастап қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйе­сі бойынша Атқарушы дирекция­сы мен өңірлік филиалдары қызметкерлері үшін серти­фи­каттық тестілеу өткізіліп тұрады. Атқа­ру­шы дирекциясының қызметкерлері аталған жүйе бойынша тілдік емтиханнан өтті. Бұл тілдік емтиханның мақсаты – қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анық­тау­ға және соның нәти­же­сіне қарай қызметкерлерге оқыту-үй­ре­ту іс-шараларын қажетті деңгейде ұйымдастыру. Осы жұмыстардың нақты көрінісі ретінде 2017-2019 жылдары қызметкерлерге қазақ тілінен арнайы оқыту курстары өткізілді. Нәтижесінде, қыз­меткерлердің тілді игеру деңгейлері анықталып, оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Сондай-ақ компания іс қағаздарын жүр­гізуді мемлекеттік тілге кезең-ке­зеңімен көшіру мақсатында қызмет­кер­лерді оқыту курстары, аударма жө­нінде кеңестер беру, іс қағаздарын жүргізетін қызметкерлерге арнайы се­минар­лар өткізу, іс қағаздарын жүр­гі­зу­­дің қазақша үлгілері жасалған әдісте­мелік құрал әзірлеу сынды жұ­мыс­тар жүйелі жүргізіліп келеді. Ком­па­ния­да мемлекеттік тілдің қолд­аны­лу аясын кеңейту және аударма сапасын арттыру үшін жаңартылған әдіс­те­мелік құрал басып шығарылды. Әдіс­теменің электронды нұсқасы бар­лық қызметкерлерге таратылып, ком­пания­ның корпоративтік порталына орналастырылды. Сонымен қатар компанияның ресми сайтында орналастырылатын ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Компанияның негізгі қызметі, алдағы жоспары және жетістіктері туралы БАҚ-та жарық көретін мақала-ақпараттар да мемлекеттік және ресми тілдерде жария­ланып тұрады.

Осы бағыттағы тиімді жұмыстардың бірі ретінде айтар болсақ, компанияның корпоративтік порталында «Мемлекеттік тіл» арнайы папкасы ашылған, ондағы «Мәдениет», «Іс жүргізу», «Қазақ тілін оқимыз» деген тақырыптық бөлімдерінде қазақтың тілі мен мәдениетіне, ұлттық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қатысты материалдар, қызмет барысында жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері, қызметтік жазбалар мен құжаттардың үлгілері орналастырылған. Мәселен, «Іс жүргізу» бөлімінде қызмет барысында жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі, құрылымдық бөлімшелер мен лауазымдардың атауы, қызметтік жазбалар мен құжаттардың шаблондық үлгілері жинақталған. Бұл өз кезегінде компания қызметкерлері үшін өте тиімді әрі ыңғайлы. Яғни жұмыс барысында қолжетімді ақпараттарды кез келген уақытта қолдана алады. Әрбір құ­ры­лымдық бөлімшенің іс қағаздарын жүр­гізушілері үшін құжаттардың Қазақ­стан Республикасының «Тіл туралы» заңына сәйкес әзірленіп, ресімделуін қадағалау және қызметкерлерге әдісте­мелік көмек көр­сету мақсатында қазақ тілінде іс қағаз­да­рын жүргізу курстары тоқсан сайын өткізіліп тұрады.

Сонымен бірге әр екі жыл са­йын «Энергоинформ» АҚ қарасты Қатаркөл кентіндегі оқыту орталығында Атқарушы дирекциясы мен өңірлік филиалдардың мемлекеттік тілді енгізу мен дамытуға жауапты мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында «Рес­ми-іскери стильдегі аударма мәтіні», «Компанияның орталық аппараты мен филиалдарында қолданылатын энергетикалық, қаржылық, заң тер­миндерін біріздендіру» тақырыпта­рында өзара тәжірибе алмасу семинары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Компания тарапынан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағыт­тал­ған тіл мамандарының біліктілігін арт­тыру курстары мен семинарларына, мем­лекеттік тіл конкурстарына және т.б. іс-шараларға қатысу үшін тиісті қаражат бөлініп отырады. KEGOC компаниясы мемлекеттік тіл бағдарламасын іске асыру бойынша Тіл саясаты комитетімен, «Самұрық-Қазына» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазақстан Рес­пуб­ликасында тілдерді дамыту мен қол­данудың бағдарламасын орындау шең­берінде компанияның Атқарушы дирек­ция­сының құрылымдық бөлімшелері, филиалдары бойынша мемлекеттік тілде әзір­ленетін құжаттардың үлесі туралы есеп­тер әзірленіп, тиісті органға тоқ­сан­дық, жылдық есептер жіберіліп отырады.

Бұдан бөлек, KEGOC АҚ қыз­мет­керлері мемлекеттік тілдің қол­да­ны­­луын насихаттауға бағытталған бұқаралық іс-шараларға да белсенді түрде қатысып отырады. Мәселен, 2016 жылы Мәдениет және спорт минис­трлігінің қолдауымен ұлттық компаниялар арасында «Үштілді меңгеру – табысты өмірге қадам» тақырыбында «Қазмедиа» орталығында диспут-ойын өткізілді. Ойын нәтижесінде «Үздік спикер» және «Үздік дәйексөз» номинациялары бойынша біздің компанияның қызметкерлері үздік деп танылып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, дәстүрлі түрде өтіп тұратын қазақстандық ұлттық диктантқа компа­нияның 11 қыз­мет­кері қатысып, жақсы нәтижелері үшін Алғыс хат табысталды. Ал 2017 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы арасында өткен «Ең бірінші бақытым – тілім менің» байқауында KEGOC АҚ құрамасы жүлделі 1-ші орынды иеленді.

KEGOC АҚ 2018 жылы мемлекеттік тілге қолдау көрсету және корпоративтік рухты жігерлендіру мақсатында Атқарушы дирекциясы, өңірлік филиалдары және «Энергоинформ» АҚ еншілес ұйымында қызмет істейтін өзге ұлт өкілдерінен құрылған 11 команда арасында «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында конкурс өткізді. Өте қызықты әрі тартысты өткен конкурстың нәтижесінен мемлекеттік тілге деген құрмет пен қызығушылықтың артып келе жатқанын байқауға болады.

Өздеріңізге мәлім, биыл мемлекетіміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуде. Осы орайда «KEGOC» АҚ да үн қосып отыр. Компания басшылы­ғы мен «Энерготехкәсіподақ» қауымдас­тығының қолдауымен Атқарушы дирекциясы мен өңірлік филиалдары қызмет­керлері арасында «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері туралы ең үздік бейнеролик» тақырыбында онлайн-конкурс ұйымдастырған болатын. Онлайн форматта өткен шараға 7 команда қатысып, шығармашылық ізденіске толы туындылар түсірді. Бұл бейнероликтерді әділ бағалау мақсатында компаниядан тыс, тіл жанашырларынан құралған тәуелсіз қазылар алқасы тартылды. Бай­қау­дың нәтижесінде үздік деп таныл­ған 3 роликке жүлделі орындар беріліп, қалған 5 команда ынталандыру сыйлықтарын өзара бөлісті. Ал жүлделі үш ролик, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды қоғамда насихаттау мақсатында компанияның ақпараттық ресурстарына, әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына орналастырылды.

Қазақтың тілін, ұлттық салт-дәстүр­лері мен әдет-ғұрыптарын халық арасында, отбасында, соның ішінде ұжымда дәріптеу жақсы үрдіс.

Ұлттық болмысымыздың басты тірегі – ана тіліміздің құнарын, ғасыр­дан ға­сырға жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарға толы салт-дәстүрлерімізді келешек ұрпаққа жеткізу әрқайсымызға ата-бабамыз аманат еткен қасиетті де аса жауапты міндет деп айтсақ қателеспейтініміз анық. Ал мұндай игілікті іске ұжым болып жұмыл­са, бұл үлкен көрсеткіштің белгісі. «Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты ұстанымына айналдырған компания ұжымы алдағы уақытта да осындай игілікті іс-шараларға белсенді қатысып, корпоративтік жігерін арттыра бермек.

Жаңабай БЕКСАРЫ,

KEGOC АҚ Аппарат басшысы

https://egemen.kz/article/297274-memlekettik-tildi-bilu-%E2%80%93-azamattyq-paryz


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс