БАҚ біз туралы

Түркістан қаласының маңында «KEGOC» АҚ құрылысын жүргізген кернеуі 220 кВ «Орталық» жаңа қосалқы станциясы пайдалануға берілді.

Ол трансформатор қуатын 250 МВА-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«Орталық» қосалқы станциясы «KEGOC» АҚ-ның «Түркістан қаласының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік объектілер салу» жобасының аясында Сауран ауданы аумағында, Түркістан халық­аралық әуежайына жақын маңайда салынды. Жалпы құны 9,93 млрд теңгені құрайтын жоба компанияның меншікті қаражаты есебінен іске асырылды.

Жаңа қосалқы станцияны іске қосу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев, сондай-ақ мердігерлік ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

– Жаңа қосалқы станция Түркістан энергия торабын электрмен жабдықтаудың қосымша орталығына айналады. Соның нәтижесінде, жергілікті электр тарату желісін дамыту үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады. Сондай-ақ өңірлік желінің қажетті өткізу қабілеті қамтамасыз етіледі. Жаңа энергетикалық объек­тінің іске қосылуы өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына соны серпін береді. Сонымен бірге аймақтың 300 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр энергиясына қол жеткізеді. Осылайша, «Орталық» қосалқы станциясы құрылысының жобасы бір­неше маңызды мәселенің оң шешімін табуға мүмкіндік беріп отыр, – деп атап өтті «KEGOC» компаниясының басшысы Қаныш Молдабаев. – Түркістан облысы, әсіресе Түркістан қаласы қарқынды дамып отырғандықтан, сапалы электр қуатымен жабдықтауды қажет етеді. Жоба шеңберінде 22­0 кВ және 110 кВ ашық тарату құрылғылары, 10 кВ жабық тарату құрылғылары, жалпы қосалқы станциялық басқару пункті, өрт сөндіру сорғы станциясы, қосалқы ғимараттар (көлікжай, БӨП), кірме автомобиль жолы салынды.

Жаңа қосалқы станция 220кВ құ­райтын екі энергетикалық желі байланысымен қамтамасыз етілген. Әрқайсысының қуаты 125 МВА-ға тең екі трансформатор орнатылған. Ал энергия объектісінің жалпы номиналдық қуаты – 250 МВА. Осының нәтижесінде, жергілікті электр тарату желісінің, өңірлік желінің қажетті өткізу қабілетінің дамуына тиісті жағдайлар жасалып отыр. Жаз кезінде Түркістан 50-60 мегаватт электр қуатын тұтынады. Ендігі жерде жаңа энергиялық қуатты шамамен 180 мегаватқа көтеруге мүмкіндік бар. Яғни бұрынғы тұтыну көрсеткішінен үш есеге артады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталғанын, төрт жылдың ішінде халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар, яғни қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы салынғанын атап өтті. Қала аумағында биік ғимараттар, мәдениет және спорт ғимараттары, әлеуметтік объектілер пайда болды. Ал өңірде бизнесті өркендету, қаланың инфрақұрылымын дамыту сапалы әрі тұрақты энергиямен жабдықтауды талап етеді.

«KEGOC» АҚ Күрделі құры­лыс және пайдалану жөніндегі басқарушы директоры Ермаханбет Атақұлов жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталып өтті.

– Құрылыс кезінде 114 жұмыс орны құрылған еді, ал пайдалануға берілгеннен кейін қосалқы станцияда 10 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, жобаны іске асыру кезінде отандық өндіріс материалдары мен жабдықтары пайдаланылды, – деді Е.Атақұлов.

«KEGOC» АҚ-ға қарасты «Оңтүстіктің жүйеаралық электр желілері» филиалының басшысы Сергей Гольдштейннің айтуына қарағанда, жуырда жылыжай шаруашылықтарын қосымша 30 МВА-ға қосуға өтініш келіп түскен. Жаңа энергетикалық объектінің жәрдемімен қалалық жылу-электр орталығы, «Яссы», «Север», «Коммунальная», «Сауран» және «Солтүстік» қосалқы стан­циялары қуаттарын арттырып,­ осы арқылы Түркістанның индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындар қажетті электр энергиясына қол жеткізеді. Бұл – жергілікті өндіріс орындары электр қуатын «Оңтүстік жарықтан» емес, тікелей KEGOC-тың желілерінен алатын болады деген сөз.

Қосалқы станция техноло­гия­лық процестерді бақылайтын авто­матты жүйемен, электр энергия­сының коммерциялық есебін жүргізетін ав­томатты өлшеу құрылғысымен және техникалық қауіпсіздік мақсатында объектіні бақылайтын құралдармен жабдықталған. Диспетчерлік кеңсенің компьютер мониторына қосалқы станция жұмысының барлық мәліметі түсіп отырады. Бұл өз кезегінде диспетчерге тез әрекет етіп, шұғыл шешім қабылдауға, желідегі авариялық өшуді болдырмауға, осылайша, тиімді әрі сенімді қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Бұл – заманауи қосалқы станция, мұнда тек жаңа қондырғылар орнатылған. Мұндай орында жұмыс істеу мен үшін маңызды әрі қызықты, – деді Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістанға жаңа жұмысқа ауысып, көшіп келген кезекші электромонтер Нығметәлі Сұлтан. – Мен өзім Сарыағаштан боламын. KEGOC-тың конкурс жариялағанын естіп, қалай да қатысуым керек деп шештім. Байқаудан өткеніме қуаныштымын. Компанияда жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе, кәсіпорынның келешегінен де мол үміт күтуге болады.

Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің оңтүстігінде осындай 220 кВ қуатты қосалқы станция алғаш салынып отыр.

– Егемен ел болғалы Түркістан облысында мұндай ауқымды энергетикалық жоба болмаған еді. Өңір­дегі электр энергиясына қажеттілікті ескеріп, тағы осындай бірқатар объектіні салуды жоспарлап отырмыз. Оңтүстік аймақты тұрақты әрі сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету өте маңызды. Сол себепті біздің компания бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды жалғастыратын болады, – деді «KEGOC» компаниясының басшысы Қаныш Молдабаев.

https://egemen.kz/article/319507-turkistan-onhiri-dgarqyray-tuspek?fbclid=IwAR1vKkopB7t-wqcOHWAxqz0A7txWmTeiLPCm6XieK0w3UwF6mWQSzmOByCQ


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс