БАҚ біз туралы

«KEGOC»: Басты басымдық – сенім

«KEGOC»: Басты басымдық – сенім

Өткен жексенбіде Қазақстанның энергетика саласының қызметкерлері Энергетиктер күнін атап өтті. Осыған орай, еліміздің энергетика саласының көшбасшыларының бірі – «KEGOC» АҚ қызметкерлері кәсіби мерекелеріне қандай жетістіктермен келгендігін компанияның басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевтан сұрадық. Біз сұхбаттасымызды кездейсоқ таңдағанымыз жоқ – биылғы шілде айында «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» «KEGOC» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толған болатын.

– Иә, биыл «KEGOC» АҚ-ның құрылғанына ширек ғасыр болды. Осы уақыт ішінде компания еліміздің электр энергиясын тұтынушыларын электр қуатымен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін айтарлықтай жұмыс атқарып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді.

Жалпы алғанда, күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі – электр энергиясына деген жыл сайын өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қамтамасыз ету мақ­сатында қолданыстағы жо­ғары кернеулі желілер мен қос­ал­қы стансаларды жаңғырту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Мысалы, би­ылғы тамыз айында біз кернеуі 220 кВ «Орталық» жаңа қосалқы стансасын іске қостық. Ол «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасы аясында салынды. Осы энергетика объектісінің қажеттілігі Түркістан энергия торабында соңғы жылдары электр қуатын тұтынудың айтарлықтай өсуінен туындағанын атап өткім келеді.

Бүгінде жаңа қосалқы станса аталған өңірді электр­мен жабдықтаудың қосымша ор­талығына айналды. Осының нәтижесінде жергілікті электр тарату желісін дамыту үшін жағ­дайлар жасалуда, өңірлік электр желілік инфрақұрылымның қа­жетті өткізу қабілеті қамтамасыз етілуде.

Ең маңыздысы, «Орталық» қосалқы стансасын қолданысқа енгізе отырып, оған шамамен 180 мегаватт қуатты қосу мүмкіндігі туып отыр. Бұл Түркістан қала­сы­ның қазіргі тұтыну көлемінен 3 есе көп.

Біз, сонымен қатар филиалдарымызда, атап айтқанда, Ақтөбе, Батыс және Сарыбай жүйеаралық электр тораптарында 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желілерін (ӘЖ) реконструкциялауды жалғастыру үстіндеміз.

Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалардың қатарында «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі (БЭЖ) Батыс аймағының электр желі­сін күшейту. Электр желілік объек­тілерді салу» жобасы бар. Ол жұмыс істеп тұрған 220 кВ қос­алқы стансаларға және жаңа «Қа­рабатан» тарату пунктіне қоса отырып, ұзындығы 779,7 км 220 кВ «Орал – Правобережная – Индер – Қарабатан – Құлсары – Теңіз» транзитінің екінші тізбегінің электр желілік объектілерін салуды көздейді. Жұмыстар алдағы 2023 жылы аяқталуға тиіс. Жобаны іске асыру республиканың батыс облыс­тары арасында 220 кВ электр желілерін күшейту есебінен қолданыстағы транзиттік же­лі­лердің өткізу қабілетін және Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесі Батыс айма­ғы­ның тұтынушыларын электр­мен жаб­дықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда еліміздің Батыс өңірін Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесімен бі­ріктіру мәселесі өте өзекті болып отыр.

Осы ретте қазіргі уақытта Пре­зидент Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы Президентінің «Әді­­летті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­дарламасын іске асыру жөніндегі ша­ралар туралы» Жарлығында берген тапсырмасын іске асыру – біз үшін аса маңызды міндет. Оның 56-тармағында «елдің энер­гия жүйесін біріктіруге арнал­ған электр жеткізу желісін салуды аяқтау» қажеттігі атап көр­се­тілген. «KEGOC» АҚ «Батыс Қа­­зақстанның энергия жүйесін Қазақ­стан БЭЖ-мен біріктіру. Электр желілік объектілерді салу» жо­басын әзірлеуді бас­тады. Осы жо­баны біз 2028 жылы аяқ­­тауымыз керек. Бұл Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-інің не­гізгі бөлігімен біріктіріп қана қой­майды, сонымен қатар құры­лы­­сы жоспарланып отырған жел және газ генерациясының ірі объек­тілерінің қуатын беруді де қам­та­масыз етеді.

«Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшей­ту» перспективалы жобасы­ да­ маңызды. Ол да Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша іске асырылады және Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қы­зылорда облыстарының 500-220 кВ электр желілерін күшейту жолымен, оның ішінде Шу – Жамбыл – Шымкент 500 кВ ӘЖ салу арқылы қосалқы стансаларды тиісінше кеңейте отырып, Оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.

Бұл ретте біз барлық жобаны бюджеттік қаржыландырусыз, өз қаржымыздың есебінен және несие алу арқылы іске асыратынымызды атап өткен жөн. Компанияның беделінің жоғарылығы инвес­торлардан, оның ішінде әлемнің жетекші қаржы институт­тарынан қажетті қаражат алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ қажетті қаражаттың бір бөлігі облигацияларды орналастыру арқылы да алынады. Осы арада мен биыл KEGOC бағалы қағаздарының бұл түрін 2022 жылдың күзінде шыққан «жасыл» обли­гациялар шығаруға көшу арқылы өзгерткенімізге назар аударғым келеді. Шығарылым көлемі қамтамасыз етілмеген 35 млн купондық облигациялар есебінен 35 млрд теңгені, ал но­миналды құны – әрбір данасы­ үшін 1 мың теңгені құрады. Обли­гациялар биылғы қараша айын­да Қазақстан қор биржасында (KASE) орналас­тырылды. Оларды орналастырудан түс­кен қаражат компанияның жаңар­тылатын энергия көздерін энер­гия теңгеріміне ауқымды тарту, елдің энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар электр энергиясын жет­кізу тиімділігін арттыру үшін қажетті желілік инфрақұрылым құрылысымен байланысты жобаларды іске асыруға бағытталады.

Уақтылы жүргізілген жөн­деу-пайдалану жұмыстары, жұ­мыс­ істеп тұрған энергия объек­ті­лерін жаңғырту және жаңа инвестициялық жобаларды іс­ке асыру бізге негізгі өнді­ріс­тік міндеттеріміз бен мақ­сат­тарымызды табысты орындауға мүмкіндік береді. Мысалы, биылғы 7 желтоқсанда сағат 10:39-да 16 459 МВт – жүктеме максимумы тіркелді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып саналады. Осындай жоғары жүктеме кезінде Ұлттық электр торабы сенімді, штаттық режімде жұмыс істеді.

Жалпы, алдын-ала есептеу­лерге сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ тарапынан қызметтердің мынадай көлемі көрсетілетінін айтуға болады: Ұлттық электр тора­бы (ҰЭТ) арқылы электр энер­гия­­сын тасымалдау – 58,4 млрд кВт сағатты; электр энергиясын же­ліге босату және тұтынуды тех­никалық диспетчерлендіру жө­ніндегі қызметтер – 104,3 млрд кВт сағатты; электр энергия­сын өн­діру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсе­тіл­ген қызметтер – 203,5 млрд кВт сағатты құрайтын болады.

Осылайша, өндірістік көр­сеткіштерді жоспар­ланған межеге сай қамтамасыз ету компанияның қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, біз қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемемізді уақтылы орындаймыз. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, биылғы қыркүйекте KEGOC Халықаралық қайта құру және даму банкінің 46,3 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі қарызын мерзімінен бұрын толықтай өтеді. Бұл жөніндегі шешім валюталық тәуекелді, борыштық жүктемені және шетел валютасындағы қа­рыздарды өтеу шығындарын азайту мақсатында қабылданды. Еске сала кетейін, аталған қаражат 2010 жылы «Қазақстан ҰЭТ-на кернеуі 500, 220 кВ желілер ар­қылы қосыла отырып, 500 кВ Алма ҚС салу» инвестициялық жобасын іске асыру үшін өтеудің соңы 2035 жылға белгіленіп, 25 жыл мерзімге тартылған болатын. Яғни біз қарызымызды мерзімінен 13 жыл бұрын толық көлемінде өтедік.

«KEGOC» АҚ-да адамдар – әрқашан басты құндылық, ал қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен тәжірибесі – табысты дамудың кепілі болып сана­лады. Жоғарыда аталған барлық жетістік – KEGOC қызметкерлерінің ұйымшыл тобының жоғары нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған ең­бегінің нәтижесі.

Компанияда кадрлық сая­сат жүйелі түрде жүзеге асы­ры­­лады. Ол меритократия қағидат­тарына сүйене отырып, ма­ңыз­ды зияткерлік және кәсіби ресурс ретінде кадрлық әлеует­ті қалып­тастыруға бағыттал­ған. Сөйтіп, компанияда әр қызмет­кер­дің кә­сіби өсуі мен жеке дамуына жағдай жасалады.

Кадрлармен жұмыс істеудің тағы бір маңызды қыры – талант­тарды ашу. Биылғы қараша айы­ның басында біз компания тарихында алғашқы рет «KEGOC» АҚ өндірістік филиалдарының ке­лешегінен үміт күттіретін жас­тар өкілдерімен кездесу ұй­ым­дастырдық. Ол екі күндік форум форматында өтіп, бағдар­ла­ма­сын­да бизнес-тренинг, зият­кер­лік ойын, өндірістік қауіпсіздік, қаржылық сауаттылық және ком­панияның технологиялық даму жобалары бойынша оқыту ақпараттық сессиялары болды. Қызметкерлер мен компания басшылығы арасында өзара тығыз қарым-қатынас қалыптастырудың бұл нысаны, бір жағынан, жас энергетиктерге өздерінің кәсіби қасиеттерін ашуға, көшбасшылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, алда­ғы уақытта компанияның стра­те­гиялық мақсаттарына қол жет­кізуге қызмет ете алатын болашағы зор қызметкерлерді анықтауға ықпал етеді.

Кадрлық даму аясындағы тағы бір маңызды мәселе – кадр ре­зер­вінде тұрған орта және жоғары буын басшылары үшін қосымша білім алуға жағдай жасау.

Тұтастай алғанда, компанияда персоналды әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша жос­пар­лы жұмыс жүргізілу үстінде. Ақпан айында қызмет­керлердің барлық санатының жалақысы көтерілді және компанияның мерейтойы мен Республика күні Ұлттық ме­ре­кесіне орай біржолғы сыйақы төленді.

Сонымен қатар қызметкерлер өмірінде болатын әртүрлі жағдай­лар мен оқиғаларды ескере отырып, Ұжымдық шартқа баланың дүниеге келуі, некеге тұру, мерейтойлар, отбасы мүшелеріне күтім жасау және т. б. отбасылық жағдайлар бойынша қосымша төлемдер мен ақылы демалыс­тар қарастырылған өзгерістер енгізілді.

Біз алдағы уақытта да қызмет­керлердің әл-ауқатын жақсарту жұмысын жалғастыра беретінімізді және 2023 жылдан бастап тағы да бірқатар іс-шара жоспарланғанын қуана хабарлағым келеді.

Атап айтқанда, 2023 жылғы қаңтардан бастап қызметкерлердің барлық санатының жалақысы орта есеппен 15%-ға көтерілсе, 2024-2025 жылдар кезеңінде тоқсандық сыйақы мөлшері кезең-кезеңімен 0,5-тен 1 лауазымдық жалақыға дейін өсіріледі. Ал 2026 жылы жылдық сыйақы мөлшерін екі жалақыға дейін жеткізу межеленген.

Бұдан басқа, келесі жылдың басынан бастап бүкіл Қазақстан бойынша жетекші медициналық орталықтардың қызметтерін қам­титын ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасы қайта­дан іске асырылмақшы.

Компания үшін қымбат қыз­меткерлерді ынталандыруды арттыру мақсатында қосымша шара ретінде жеңілдікпен берілетін несие бағдарламасын іске қосамыз. Оны біз серіктес банкпен ынты­мақтастықта жүзеге асырамыз. Бұл бағдарламаның міндеті – жоғары білікті кадрларға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ар­налған жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие беру арқы­лы олардың компанияда ұзақ мер­зімде қызмет етуіне жағдай жасау.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерім­ді кәсіби мерекемізбен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келеді.

Сонымен қатар қазақстан­дық­тарды алдағы жылы да «KEGOC» АҚ ҰЭТ-ның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына, ал Жүйелік оператор ретінде Қазақстан Республикасы БЭЖ-нің жұмыс істеу сенімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ететініне сендіргім келеді, деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев.

https://egemen.kz/article/331188-kegoc-basty-basymdyq-%E2%80%93-senim

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс