БАҚ біз туралы

Астанада ардагер-энергетиктер бас қосты

15 маусым күні Астанада электр желілері компанияларының бас­шылары және салалық мемлекет­тік орган өкілдерінің қатысуымен Қазақстан және ТМД елдерінің ардагер-энергетиктерінің халық­ара­лық форумы өтті.
Форумды «KEGOC» акционерлік қоғамы және Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының (ҚЭҚ) Ардагер-энергетиктер кеңесі ұйымдас­тырды.
Электр энергетика саласының эко­номика­да алатын рөлі маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде кездесетін электр жеткізу желілері тіршіліктің күре тамыры іспеттес. Халқымызды сенімді әрі тұрақты энер­гетикамен қамтамасыз ету – осы желілер­дің адам ағзасындағы қан тамырындай үздіксіз жұмыс істеп тұруымен тікелей байланысты. Осыған орай Қазақстанның, сондай-ақ Беларусь, Қырғыз және Ресей елдерінен келген ардагер-энергетиктер Астанада бас қосып, саладағы түйіткілді мәселелерді талқылады.
Форум барысында «КЕGOC» АҚ бас­қарма төрағасы Қаныш Молдабаев қаты­су­шыларды Қазақстан электр энерге­тикасы саласының ағымдағы жағдайымен таныстырды, сондай-ақ компанияның келешектегі даму жоспарлары туралы ба­ян­дады. Компания басшысының айтуын­ша, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ұлттық, өнеркәсіп­тік және өңірлік маңызы бар 207 электр станциясы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты 20,8 ГВт. 2015 жылдан бері бұл көр­сеткіш жаңармалы энергия көздері есебі­нен 3,2 ГВт-қа артқан. Электр энергиясын өндіру бойынша былтыр 112,8 млрд кВт/сағат болса, ал тұтыну көлемі 100 млн кВт/са­ғатқа артық, яғни 112,9 млрд кВт/сағат­ты құрайды.
– Қазақстан энергия жүйесіне жүктеме жыл сайын артып келеді. 2022 жылғы 7 жел­тоқсанда тұтынудың ең жоғары көр­сет­кіші тіркелді, яғни 16 459 МВт. Бұл Тәуел­сіз Қазақстан тарихындағы рекорд орын болып есептеледі. Осындай жоғары жүктемелер кезінде Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) штаттық режимде сенімді жұмыс істегенін атап өткім келеді. Алдағы күзгі-қысқы кезеңде жүктеме бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Десе де, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан дайындық жұмыс­тарымыз ондай ауыртпашылықтарды ешқандай тосын жағдайсыз еңсеруге мүмкіндік береді деп сенемін. Барлығы біз­дің электр станцияларымызға байла­нысты. Таяуда тарифтерді көтеру жөнінде бұйрық бекітілді. Бұл біз үшін үлкен қолдау болмақ, – деді компания басшысы Қаныш Тәңірбергенұлы.
«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы алдағы бірнеше жылда салада электр энер­гиясы мен қуат көздерінің тапшылығы болатынына назар аудартып отыр. Осы болжамды тапшылықты жабу мақсатында Энергетика министрлігі еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын бекіткен болатын. Ол қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа өндіруші қуаттарды салуды қарастырады. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ энергетикалық бай­ланыстарды күшейту жобаларын салып, Батыс аймақты Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен бірік­тіруді көздейді.
Сондай-ақ кездесуде талқыланған өзекті мәселелердің бірі – білікті кадрлар тапшылығы төңірегінде пікір алмасу туралы болды. Қазіргі уақытта энергетика саласында 139 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл ретте саланы білікті кадр­лармен жасақтауда қиындықтар туындауда. Кадр тапшылығының артуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – төменгі жалақы деңгейі, ол елдегі орташа жала­қыдан 13,8%-ға төмен.
Электр энергетикасы саласындағы қазіргі жағдайды және оларды шешу жолдарын талқылаудан бөлек халықаралық форумда ұрпақтар сабақтастығы және күллі саналы ғұмырын отандық электр энергетикасын дамытуға арнаған жандарға қамқорлық көрсету мәселелері талқы­ланды. Аға буын энергетиктер қауымы Қазақ КСР Энергетика министрлігінің жемісті қызметі қазіргі заманауи жас бас­шылар үшін еліміздің маңызды энергетика саласын табысты басқаруда шын мәнінде үздік үлгі болуға тиіс деп есептейді.
– Осымен 12-ші мәрте өткізіліп отырған форумның дәстүрге айналғаны қуантады. Мұнда энергетика саласының сүбелі мәселелері талқылануда. Делегат­тарымыз кеңестік кезінде жоғары сапа мен стандарттар деңгейінде салынған инфра­құры­лымдардың құрылысын салу, іске қосу жұмыстарына қатысқан тәжірибесі мол азаматтар. Ол кезде энергетика саласы бір ведомствоға қараған болатын. Қазіргі кезде үш министрлік бөліп алып, бас­шылық етіп отыр. Атап айтқанда, Эко­номика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі және тағы да басқа органдарға қарайды. Бұндай жүйе жұмыстардың тиімді атқарылуына үлкен кедергісін  тигізеді. Сол себепті саланы бөлшектемей, қайта­дан бір ведомствоға біріктіру қажет. Бұл ойымды көптен бері айтып келемін, – дейді ҚЭҚ Ардагер-энергетиктер кеңе­сінің төрағасы Советхан Нұрпейісов.
Форумның қарауына енгізілген мәселелер делегаттар тарапынан кеңінен талқыланып, көтерілген сұрақтар бойын­ша ұсыныстар мен тілектер қабылданған Қарарға енгізілді. Отырыс соңында бірқатар ардагерлер «Ардагер энергетик. Қазақстан Электр энергетикалық Қауым­дастығы» белгілерімен, сондай-ақ ҚЭҚ-тың құрметті атақтарымен және грамота­ларымен марапатталды.
Отандық энергетика саласын үлкен жауапты кезеңдердің алдында тұр. Осын­дай саланың өзекті мәселелері талқылауға мүмкіндік беретін, аға буын энергетиктер өздерінің тәлім-тәжірибесімен бөлісе алатын және қазіргі энергетика саласын­дағы жағдайға тура баға бере алатын дәстүрлі пікірталас алаңдарының маңызы зор.
https://aikyn.kz/251885/astanada-ardager-energetikter-bas-k-osty




Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс