БАҚ біз туралы

Энергетика жүйесі мемлекеттік тілде сөйлейді

Мемлекеттік тілдің аясы ешбір салада тарылмауы тиіс. Бұның аса күрделі сала – энергетикаға да қатысы бар. Қазір қоғамның кез келген бағыты мемлекеттік тілде сөйлейді. Осы ретте KEGOC акционерлік қоғамының Еңбек қатынастары және қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Жаңабай Бексарыдан қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жайында сұраған едік.

– Жаңабай Мұратбекұлы, мемлекеттік тіл – ұлттың жаны. Ана тіліміз тұсауланбас үшін қоғам оны қажетсінуі керек. Елдегі энергетика жүйесінің көшбасында тұрған KEGOC секілді ірі компания мемлекеттік тілді дамытуда неге басымдық береді?

– Жалпы, компанияда мемлекеттік тілді енгізу жұмыстарын іске асырудың бағыт-бағдары KEGOC АҚ 2021–2025 жыл­­дарға арналған іс-шаралар жоспа­рын­да белгіленген. Аталмыш құжат Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы не­гізінде әзірленді.

Бағдарламада мемлекеттік тілдегі құ­жат айналымын 97%-ға жеткізу міндет­телген. Біз бұндай көрсеткішке жету үшін, ең алдымен, компания қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту дәрістерін жыл сайын өткізуді қолға алдық. Нәтижесінде, 2022 жылы 372 компания қызметкері, соның ішінде, 72 филиал қызметкері қазақ тілі дәрістеріне қатысып, арнайы сертифи­каттарға ие болды. Ал 2023 жылы жалпы 515 қызметкер, оның ішінде Атқарушы дирекциядан 300, өңірлік филиалдардан 215 қызметкер қазақ тілін оқып, меңгерді.

Сонымен қатар 2015 жылдан бері «ҚАЗТЕСТ» тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі бойынша емтихан өткізу тәжірибесі енгізілген. Осыған орай, компанияда 2017 және 2019 жылдары сертификаттау тесті өткізілді. Атап айтқанда, 2019 жылы жалпы 677 қызмет­кер, соның ішінде Атқарушы дирекциядан – 235 қызметкер, өңірлік филиалдардан – 442 қызметкер сертификаттау тес­тісінен өтіп, 375 қызметкер (55%) сертифи­каттарын алды. Компания бұл көрсеткішті ал­дағы уақытта 60-70%-ға жеткізуді жос­парлап отыр.

Кезекті сертификаттау тесті өңірлік филиалдарда 2024 жылы, ал Атқарушы дирекцияда 2025 жылы өткізіледі деп күтілуде.

Сондай-ақ биылғы жылдың мамыр айында Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері В деңгейі бойынша диагнос­тикалау тестісін өткізді. Тестілеуге 99 қызметкеріміз қатысып, оның 88-і В деңгейінен жоғары (В1, В2, С1) нәтиже көрсетті.

– Компанияда қазақ тілінің өрісін кеңей­тіп, қолданылу шегін ұлғайту үшін тағы қандай шаралар жолға қойылған?

– Компанияда Мемлекеттік тілді ендіру және аударма ісі жөніндегі бөлім тарапынан қызметкерлерге мемлекеттік тілде құжат әзірлеуде әдістемелік көмек көрсетіледі. Тұрақты түрде кеңес беру-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай, бөлім қызметкерлері «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» әдістемелік құралын әзір­леп шығарды. Әдістеме барлық өндірістік бөлімдерге үлестірілген. Сондай-ақ компанияның ішкі порталында энергетика және өзге де салалар бойынша термино­логиялық сөздік жасалынып, оған 5000-нан астам термин енгізілді. Алдағы уа­қытта қызметкерлердің ұсыныс-тілектері бойынша аталмыш сөздік толықтырылып, жаңартылып отыратын болады.

Кеңседе қазақ тілін оқытуға арналған кабинет жұмыс істейді. Ол тиісті оқу құралдарымен жабдықталған. Дәл осы кабинетте оқу дәрістері, тестілеу сағат­тары, іс жүргізу мамандарына арналған семинарлар, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тілдік емтиханға дайындық сабақтары өткізіледі. Атқарылып жатқан жұмыс­тардың нәтижелі болуы үшін жылдың соңында қызметкерлер арасында оқу дәрістерінің сапасы мен тиімділігі жайында сауалнама жүргізіледі.

Сонымен бірге Мемлекеттік тілді ендіру және аударма ісі жөніндегі бөлім мемлекеттік тілдегі құжат айналымына ай сайын мониторинг жүргізеді. Төменгі нәтиже көрсеткен құрылымдық бөлім­шелер мен филиалдар бойынша талдау-талқылау жұмыстарын жүргізеді. Олардың басшыларына мониторинг нәтижелері жіберіліп, электрондық құжат айналымы жүйесінде құжаттардың мемлекеттік тілде әзірленуі бақылауға алынады. Құжаттарды тіркеуге жауапты мамандар шығыс құжат­тардың тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестігін, мүмкіндігінше шығыс хаттардың мемлекеттік тілде ресімделуін қадағалап отырады. Жоғарыда айтқан талаптарға сәйкес келмейтін құжаттар тіркеуге қабылданбайды. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 1-тоқсанында Компания бойын­ша мемлекеттік тілдегі жалпы шығыс құжаттың пайыздық көрсеткіші 85%-ды, ал ішкі құжатайналымы бойынша 83%-ды құрады.

Кешенді жұмыстардың бір бағыты ретінде компанияның ресми веб-сайтының контентіне тоқталып өтуге болады. Веб-сайт бөлімдеріне жауапты құрылымдық бөлімшелермен орнатылған тиімді коммуникацияның арқасында сайт контентінің сапасы әсіресе қазақ тіліндегі ақпараттардың сапасы артты. Оған дәлел – 2022 жылы Қазақстан Респуб­ликасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет ресурс­тарындағы қазақ тілінің қолданысына жүргізген мониторинг нәтижесінде KEGOC жоғары ұпай жинаған ҚазТрансОйл, Бәйтерек, Даму, QazExpoCongress, Эйр Астана секілді ұйымдардың қатарына қосылды. Яғни, KEGOC АҚ қазақ тілі контентінің берілу көлемі мен сапасын бағалау критерийлері бойынша ең жоғары 10 ұпай жинап, сайтта орналастырылған материалдарының барлық тілдік нұсқа­ларының мазмұны мен сапасы бойынша ұлттық компаниялар арасында алдыңғы қатарға шықты. Оған қоса, ішкі корпоративтік порталдың интерфейсі қазақ тілінде жасалды. Сонымен бірге электрондық құжат айналымы жүйесінің интерфейсі де қазақ тіліне бейімделіп келеді. 

Сондай-ақ биыл Тіл саясаты коми­тетінің ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесін қорытындылау үшін KEGOC акционерлік қоғамында семинар өткізді. Семинар барысында квазимемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік тіл саясатын жүргізу және құжатайналымдағы мемлекеттік тілдің үлесі бойынша мәселелер талқыланды. KEGOC АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ өкілдері мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстары жайында баяндап, өзара іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Жалпы, компанияда қоғамдық іс-шаралар, өндірістік кеңестер, басшы­лық­тың қатысуымен өткізілетін аппараттық кеңестер, жиналыстар мүмкіндігінше қазақ тілінде өтеді.

– Мемлекеттік тілдің компания мен қызметкерлердің өміріне дендеп енуі жоспарлы жұмыстармен ғана шектелмейді ғой?

 – Әрине, компанияда қазақ тілін дамытуға арналған еркін форматтағы кез­десу­лер, байқаулар және ұлттық салт-дәс­түр­лерімізді ұлықтайтын түрлі мерекелік шаралар да өткізіліп тұрады.

Сондай жарқын мысалдардың бірі – ұлттық әз-Наурыз мейрамын компания көлемінде атап өту. Компанияның жаппай барлық құрылымдық бөлімшелері жұмылдырылатын мерекені ұлықтау шарасы орталық кеңседе басталып, 9 өңірлік филиалда жалғасады. Биыл наурыз мейрамы командалар арасындағы байқау форматында ұйымдастырылды. Дәлірек айтқанда, компания қызметкерлері ұлттық тағамдардан әзірленген ақ дастарқан жайып, көз жауын алар ұлттық киімдерімен өзара сайысқа түсті. Бұл күні қызмет­кер­лердің мерекелік қойылымдарды сахналап, өнерлерін ортаға салуына мүмкіндік туды. Байқауға компания басшылары мен басқарушы директорлар да қатысып, мерекелік шараның маңыздылығы мен ерекшелігін арттыра түсті.

Осындай мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

https://aikyn.kz/253241/energetika-zhuyesi-memlekettik-tilde-soyleydi



Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс