БАҚ біз туралы

KEGOC: Электромонтерлер кәсіби шеберліктерін шыңдады

Отандық электр энергетикасы саласындағы басты компания – «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» акционерлік қоғамында қазанның 2-5 күндері аралығында электр монтерлердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын байқау өткізілді.

Байқауды өткізу үшін «KEGOC» АҚ-ға қарасты «Алматы ЖЭТ» филиалының 500 кВ «Алматы» қосалқы станциясының жанындағы оқу-жаттығу полигоны таңдап алынды. Биіктігі 42 метрге дейін баратын бағандарға тартылған әуе электр жеткізу желілеріне қызмет көрсету бойынша шеберліктерін шыңдауға компанияның өңірлердегі филиалдарынан жасақталған 9 электр монтерлер бригадасы қатысты.

- Биылғы байқаудың екі өзгешелігін атап өткім келеді. Біріншісі, қарсылас 9 команданың да дайындықтары өте жоғары деңгейде болды. Екіншіден, байқаудың жалпы жүлде қоры 11 100 000 мың теңгені құрады, яғни бұл бұрынғы байқауларға қарағанда 4 есеге өсті. Шын мәнінде, электр монтерлердің жұмысы көзсіз батырлық пен асқан жүректікті талап етеді. Халықты сенімді электрмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын энергетик мамандарымыз бұдан да жоғары марапаттарға лайық деп есептеймін. Себебі, 42 метрлік биіктікте тілсіз жаумен жұмыс жасайтын электр монтерлерді бүгінгі заманның батырлары деп айтар едім, - дейді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев.

Жарыс барысында командалар алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, нормативтік-техникалық құжаттарды білу деңгейі және теориялық дайындық, зардап шеккен тұлғаны (манекенді) электр тоғының әсерінен босату, оны 220 кВ әуе желісінің тірегінен түсіру және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету дағдылары, түрлі маркалы ақауы бар шыны оқшаулағыштарды ауыстыру кезіндегі шеберлік, тірек аралықтарындағы кергілердің қашықтықтан басқарылатын ақауы бар кергілерді ауыстыру дағдылары, сонымен қатар арнайы құралдарды қолдана отырып, 220 кВ әуе желісінің анкерлік металл тірегінің сым шлейфін жалғау дағдылары.

- Аталмыш кәсіби байқау елімізде соңғы рет 2019 жылы өткізілген болатын. Содан бергі төрт жылда электр монтерлердің кәсіби деңгейлерінің едәуір артқаны байқалады. Себебі, командалар арасындағы ұпай сандарында айтарлықтай айырмашылықтар болған жоқ. Яғни, командалар өзара ұпай жағынан иық тірестіріп отырды. Бұл электр монтерлердің жоғары біліктілік деңгейі мен үлкен дайындығын көрсетеді, - дейді байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына бастан-аяқ қатысқан «Алматы ЖЭТ» филиалының Электр жеткізу қызметінің бастығы Бекжан Рауаянов.

Төрт күнге жалғасқан кәсіби жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды «Ақмола ЖЭТ» филиалының командасы жеңіп алды. Ал ІІ орынды «Солтүстік ЖЭТ» филиалының электр монтерлері иеленсе, ІІІ орынды – «Шығыс ЖЭТ» және «Оңтүстік ЖЭТ» филиалдарының командалары өзара бөлісті.

Сондай-ақ, жекелеген аталымдар бойынша Нұржан Қуатов, «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының қызметкері – «Үздік шебер», Аянбек Қабиев «Батыс ЖЭТ» филиалының қызметкері – «Үздік электр монтер», Мұрат Бармақов, «Сарыбай ЖЭТ» филиалының қызметкері – «Еңбек майталманы» және Дидар Майжақанов «Орталық ЖЭТ» филиалының қызметкері – «Үздік рұқсат беруші» атанды. Ал, «Қауіпсіздік техникасы білімі бойынша үздік филиал» командалық аталымы «Алматы ЖЭТ» филиалының командасына берілді.

Мұндай кәсіби жарыстар өндірістік персоналдың шеберлігі мен дайындығын бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар өңірлік филиалдардағы энергетиктердің іскери байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Жеңімпаз атанған «Ақмола ЖЭТ» командасы биыл ТМД электржелілік компаниялары арасында өтетін халықаралық кәсіби шеберлікты шыңдау біріншілігінде Қазақстан Республикасының абыройын қорғайтын болады.

https://kaz.inform.kz/news/kegoc-elektromonterler-kasbi-sheberlktern-shindadi-c599b3/


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс