БАҚ біз туралы

KEGOC SPO: Сұраныс ұсыныстан 1,5 есеге артты

Кеше «Самұрық-Қазына» АҚ кеңсесінде «KEGOC» АҚ акцияларын қайталама орналастырудың (SPO) нәтижелері» атты брифинг өтті. Онда екі акционерлік қоғамның басшылары мен тиісті мамандары шараға қатысушылар мен журналистерді толғақты тақырыппен жан-жақты таныстырды. Сөйтіп тілшілерді қызықтырған бірқатар сұраққа жауап берді.

«Самұрық-Қазына» АҚ және «KEGOC» АҚ биылғы 28 қыркүйек пен 2 қара­ша аралығында өткен Қазақстан қор бир­жаларында акция­ларды қайталама орналастыру қоры­тындылары туралы хабарлады. Ин­весторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өті­нім келіп түскен. Бұл жоспарланған көле­мінен 1,5 есе артық. Жиналған өтінімдерді талдау нәтижелері бойынша 22,6 млрд теңгеден асатын жалпы сомаға өтінімдерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданыпты. Ол жарияланған акциялардың шекті санына сәйкес келеді – 15 294 118 жай акция.

Шара бұған дейін жарияланған акция­ларды бөлу критерийлеріне сәй­кес жүзеге асырылды және қомақты пакет­­тердің жеке ірі инвесторларда шоғырлануын болдырмауға бағытталған. Өз азаматтарымыздан келіп түскен акция­ларды сатып алуға арналған өті­нім­дер толық қанағаттандырылған. Ак­ция­ларды қайталама орналастыру шең­берінде «KEGOC» АҚ 15 294 118 жай акция өткізді. Бұл компанияның орна­лас­тырылған акцияларының жалпы санының 5,6%-ын құрайды. Нәти­же­сінде, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға тие­сілі акциялардың үлесі «KEGOC» АҚ акцияларының 85%-ына тең.

Инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдері келесідей бөлінді:

- Қазақстан азаматтарының өтінімдері – 15 203 099 964 теңге сомасына (67%)

- Қазақстандық заңды тұлғалардың өтінімдері – 7 158 346 026 теңге сомасына (32%)

- шетелдік жеке және заңды тұлға­лар­дың өтінімдері – 300 537 744 теңге сомасына (1%)

Қанағаттандырылатын өтінімдерді айқындау барысында ел азаматтарынан түскен өтінімдерге басымдық берілді. Оларды қанағаттандырғаннан кейін ғана өтінім берген қалған тұлғалардың өтінімдерін қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.

«Өтінімдердің айтарлықтай бөлігі – 44%-ы бөлшек инвесторлардан түсті. Бұл өз азаматтарымыздың ірі ұлттық компаниялардың IPO/SPO шеңберінде Қор ұсынатын инвестициялық мүмкін­дік­теріне деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Кітап көлемінің 55%-ы инс­ти­туционалдық инвесторлардың өті­німдерін, сондай-ақ шетел азамат­та­­рының өтінімдері мардымсыз бө­лік­ті, яғни 1%-ды құрады. Сонымен қатар қалыптасқан өтінімдер кітабы шең­бе­ріндегі пропорцияға қарамастан, Қа­зақ­стан азаматтарының өтінімдерін қанағаттандырудың басымдығын ескере отырып, орналастыруға арналған акциялардың соңғы көлемі былайша бөлінді: бөлшек сауда инвесторлары – 67%, институционалды инвесторлар – 32%, шетел азаматтары – 1%.

Әртүрлі санаттағы инвесторлардың «KEGOC» АҚ акцияларына мұндай әртарап­тандырылған сұранысы компа­ния­­ның жоғары инвестициялық тар­тым­дылығының және Қазақстанда жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосуды жоспарлау аясында бүкіл нарықтың «KEGOC» АҚ-ның даму болашағына деген сенімінің дәлелі болып табылады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Негізінде KEGOC SPO Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, сондай-ақ «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен бекі­тіл­ген Жекешелендірудің 2021-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспарына сәйкес өткізіліп жатыр.

«KEGOC SPO-ның сәтті өтуін аза­маттардың мемлекетке және біздің компанияға деген сенімі ретінде ба­ға­лаймыз. SPO нәтижелері бойынша компанияның еркін айналымдағы акцияларының үлесі шамамен 2,7%-дан 8,1%-ға дейін ұлғаяды. Бұл KEGOC акцияларының өтімділігіне жағымды әсері болады және Қазақстан қор нарығының дамуына ықпал етеді. Біз электр желісін күшейту бойынша жүйелі бастамаларымызды жалғастырамыз. Атап айтқанда, SPO-дан тартылған қаражат KEGOC-ты дамытуға бағытта­ла­тын болады. Негізі KEGOC – ди­ви­дендік тарихы мінсіз компания және нарықтың бізге артқан сенімі, отан­дастарымыздың алдында барлық белгіленген жоспарды ең жоғары тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізе отырып орындау үшін қо­сым­ша мотивация болып табылады», деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

Бүгін KEGOC SPO шеңберінде сатылған барлық акция қанағат­тан­ды­рылған өтінімдерге сәйкес бөлінеді және тиісті инвесторлар шоттарынан олар сатып алатын «KEGOC» АҚ акцияларына төлем жүргізу үшін тиісті ақшалай сомалар алынып, акция шоттарына есептеп жазылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында қайталама сауда-саттықтың басталуы күні ертеңге жоспарланған. «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ SPO-ның бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері болып табылады. «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ бір­лес­кен андеррайтерлер болып табылады.

SPO-дан түскен қаражат KEGOC-тың еліміздің Біртұтас электр энер­гетикалық жүйесінің Оңтүстік айма­ғы­ның желілерін күшейту бойынша ірі инвестициялық жобасын іске асыруға жұмсалады. Жоба шеңберінде 500 кВ үш электр қосалқы стансаны кеңейте оты­рып, ұзындығы 475 км 500 кВ «Шу-Жамбыл-Шымкент» 2 желі салынатын болады. Бұл электр энергиясын тұ­тынудың болжамды өсуіне байланыс­ты оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ сол аймақта шо­ғырланған ірі ЖЭК объектілерінің қуатын беруді қамтамасыз етуге мүм­кіндік жасайтын стратегиялық ма­ңызды жоба.

https://egemen.kz/article/352413-kegoc-spo-suranys-usynystan-15-esege-artty


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс