Баспасөз хабарламалары

2022 жылғы 25 қаңтарда Қазақстанның оңтүстік облыстарын электрмен жабдықтаудың ажыратылу себептері және тұтынушыларды электрмен жабдықтау жағдайы туралы

2022 жылғы 25 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:59-да Өзбекстан Республикасында қысқа тұйықталу салдарынан Сырдария ЖЭС-індегі 6 энергия блогы ажыратылып, генерацияның жиынтық шығыны 1500 МВт-тан асты. Өзбекстанның энергия жүйесінде пайда болған қуат тапшылығы Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуге қосылған Қазақстанның энергия жүйесінен қуатты санкцияланбаған іріктеуге алып келді. Нәтижесінде 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитіне қуат «шамадан тыс жиналуы» орын алып, оның салдарынан жүктеме асып кетті.

Энергетикалық жабдықтың бұзылуына және елдің оңтүстік облыстарының толық сөндірілуіне жол бермеу мақсатында автоматика әрекетімен Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары оқшауланған жұмысқа ауыстырыла отырып, транзит бөлінді.

«KEGOC» АҚ-ның аварияға қарсы автоматикасының дұрыс және уақтылы жұмысының арқасында республиканың оңтүстік облыстарындағы барлық электр станциялары жиынтық қуаты шамамен 1500 МВт тұтынушыларды электрмен және жылумен жабдықтауды жалғастыра отырып, жұмыс істеп тұрды. Осылайша, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тұтынушыларды толық өшіруге жол берілмеді. 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті бойынша қуаттың жеткізілуінің болмауына байланысты мәжбүрлі шектеулер шамамен 1800 МВт құрады.

Сол уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері барлық электр станциялары мен тұтынушылары ажыратыла отырып, толығымен өшті. Өзбекстанның энергия жүйесінде ажыратылған жүктеме шамамен 9600 МВт (тұтынудың 100%-ы), Қырғызстанда шамамен 2600 МВт (тұтынудың 100%-ы) құрады.

Желі схемасын жедел қалпына келтіру барысында сағат 14:45-те Қызылорда облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды, 14:53-те Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша барлық шектеулер алынып тасталды. 16.00-ге қарай Қазақстанның оңтүстік облыстарының тұтынушыларын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

Қазақстан БЭЖ-і тарапынан қалпына келтіру шеңберінде Қырғызстан мен Өзбекстанның энергия жүйелеріне аталған елдердің электр станцияларына кернеу беру арқылы көмек көрсетілді, бұл оларға қалпына келтіру іс-шараларын бастауға мүмкіндік берді.

Қырғызстанның энергия жүйесінің қалыпты режиміне оралуы шамамен бір тәулік уақытты қажет етті. Ағымдағы жылғы 27 қаңтар сағат 14:00-дегі жай-күй бойынша Өзбекстанның энергия жүйесі аварияны жоюды жалғастыруда.

Аварияның цифрлық майнингті тұтынушылардың қызметімен байланысты емес екендігін айта кеткен жөн.

Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушыларға электр энергиясын жеткізудің болмауына қатысты ҚР Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде (ҚР БЭЖ) электр энергиясының тапшылығы кездесетін жағдай сақталып отырғандығын хабарлаймыз. Тапшылықтың пайда болуының негізгі факторлары электр станцияларындағы жоғары авариялылық және өткен жылы 6% - дан асып кеткен электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай өсуі болып табылады, бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштерден 3 есе артық. Салыстыратын болсақ, 2020 жылы электр энергиясын тұтынудың өсімі 2% – ды, 2019 жылы 1,9% - ды құрады.

Электр энергиясының тапшылығы жағдайында, халықты және ел экономикасын үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында, «KEGOC» АҚ электр станцияларымен және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес майнингтік дата-орталықтарға электр энергиясын жоспарлы жеткізуді төмендету бойынша шаралар қабылдады.

АНЫҚТАМА РЕТІНДЕ:

Қазіргі уақытта ҚР БЭЖ-і жүйеаралық электр жеткізу желілерімен байланысқан және біртұтас технологиялық режиммен біріктірілген ТМД елдері мен басқа да елдердің энергия бірлестігінде қатарлас жұмыс істейді. Бұл әр ел үшін орасан экономикалық пайда әкеледі. Қатарлас жұмыс барлық жүйелерге экономикалық пайда әкелетін көрші елдерге артық электр энергиясын сатуға немесе сатып алуға мүмкіндік береді.

Шектес энергия жүйелерінің қатарлас жұмыс істеуі желілік инфрақұрылымды, генерация резервтерін салуға және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, өйткені қатарлас жұмыс істейтін энергия жүйелері электр энергиясын, резервтік генерациялық қуатты жеткізу бойынша өз қажеттіліктерін көршілердің есебінен ішінара қамтиды.

Сонымен қатар елдің оңтүстік облыстарын сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер бар.

«KEGOC» АҚ

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс