«KEGOC» АҚ-да «Алматы ЖЭТ» филиалының (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) 500 кВ «Алматы» қосалқы станциясының жанындағы оқу-жаттығу полигонында 2-5 қазан аралығында өткен әуе желілеріне қызмет көрсету бойынша электр монтерлер бригадаларының кәсіби жарысы аяқталды.
Кәсіби шеберлік сайыстарына KEGOC-тың әр өндірістік филиалынан бір-бірден 9 команда қатысты. Жарыс барысында командалар алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, нормативтік-техникалық құжаттарды білу деңгейі және теориялық дайындық, зардап шеккен тұлғаны (манекенді) электр тоғының әсерінен босату, оны 220 кВ әуе желісінің тірегінен түсіру және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету дағдылары, түрлі маркалы ақауы бар шыны оқшаулағыштарды ауыстыру кезіндегі шеберлік, тірек аралықтарындағы кергілердің қашықтықтан басқарылатын ақауы бар кергілерді ауыстыру дағдылары, сонымен қатар арнайы құралдарды қолдана отырып, 220 кВ әуе желісінің анкерлік металл тірегінің сым шлейфін жалғау дағдылары.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Ақмола ЖЭТ» филиалының командасы иеленді. Ал ІІ орынды «Солтүстік ЖЭТ» филиалының электр монтерлері, ІІІ орынды – «Шығыс ЖЭТ» және «Оңтүстік ЖЭТ» филиалдары иеленді.
Сондай-ақ, Нұржан Қутов (Ақтөбе ЖЭТ) – «Үздік шебер», Аянбек Қабиев (Батыс ЖЭТ) – «Үздік электр монтер» және Дидар Майжақанов (Орталық ЖЭТ) «Үздік рұқсат беруші» атанды.
Мұндай кәсіби жарыстар өндірістік персоналдың шеберлігі мен дайындығын бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар әр түрлі филиалдардың энергетиктерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Жеңімпаз команда биыл ТМД электржелілік компаниялары арасындағы кәсіби шеберліктің халықаралық біріншілігінде Қазақстан Республикасының абыройын қорғайтын болады.