KEGOC акцияларды қайталама орналастыру (SPO) шеңберінде Қазақстан бойынша роуд-шоуын жалғастырады. 16 қазанда SPO-ның екінші кезеңі басталды. Осы кезеңде барлық қазақстандықтар Компания акцияларын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Ақтөбеде әлеуетті инвесторлармен кездесу барысында KEGOC өкілдері елдің жетекші энергетикалық компаниясының акцияларын қайталама орналастыруға қатысу үшін жаңа инвесторлардан өтінімдер жинау 2 қарашаға дейін (қоса алғанда) жалғасатынын атап өтті.
«Сонымен қатар SPO-ның бірінші кезеңі, яғни KEGOC-тың 17 және одан да көп акцияларына иелік ететін ағымдағы акционерлер үшін акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру кезеңі жалғасуда. Ол 28 қыркүйекте басталды және 27 қазанды қоса алғанда 30 күнге созылады. Ағымдағы акционерлер брокерлер арқылы немесе тікелей KEGOC-қа жүгіну арқылы өтініш бере алады», - деді «KEGOC» АҚ Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева.
Өтінімдерді банктер мен Tabys қосымшалары, сондай-ақ «Қазпочта» АҚ бөлімшелері арқылы онлайн және офлайн беруге болады. «KEGOC» АҚ «Самұрық-Қазына» тобының алдыңғы IPO компанияларының тәжірибесіне сүйене отырып, Компанияның SPO өткізу кезеңінде алаяқтардың әрекет ету ықтималдығы туралы ескертеді. KEGOC өкілдері басқа қазақстандық компаниялардың IPO кезінде байқалған алаяқтық жағдайларына байланысты лицензияланған қаржы институттарымен және олардың өнімдерімен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
«Ұзақ мерзімді перспективада капиталды сақтау мен көбейтудің тартымды құралы ретінде KEGOC акцияларына деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Өкінішке орай, бұл алаяқтардың назарын аударады. Тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіздер және тек лицензияланған өнімдер мен қаржы ұйымдары арқылы жұмыс жасаңыздар»,- деп, Компанияның Құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Төлеген Сафуани атап өтті.
Компанияның топ-менеджерлері акцияларды сатып алудың негізгі себептерін, соның ішінде электрмен жабдықтау нарығындағы негізгі жағдайды, Компанияның маңызды активтерін, кірістердің тұрақты өсуін, инвесторларға дивидендтер төлеудің мінсіз тарихын және брокерлердің KEGOC акцияларының құнына болжамдарын атап өтті.
«Компания тұрақты бос ақша ағынына ие және үнемі дивидендтер төлейді. Орналастырудың барлық кезеңінде (2014 жылдан бастап) төленген дивидендтер сомасы 218 млрд теңгені құрады. KEGOC жыл сайын акционерлерге жылына 2 рет дивиденд төлейді. Дивидендтер алуды және 9 жылдағы бағаның өсуін есепке алғанда, IPO күнінен бастап акциялар бойынша кірістіліктің өсуі 400%-ды құрайды. Ағымдағы жылы Компания дивидендтік саясатты жаңартты - дивидендтерді бөлу таза пайданың 40%-ынан 60%-ына дейін ұлғайтылды», - деп сөз сөйлеу барысында Айгүл Әкімбаева атап өтті.
SPO шеңберінде акционерлерге 15 294 118 жай акция ұсынылады. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі Компания акцияларының жалпы санының кемінде 85%-ын құрайды. Бір жай акцияның бағасы - 1482 теңге. Жетекші брокерлік-дилерлік ұйымдар KEGOC акциясының нысаналы құны осы мәннен жоғары және 1950 теңгеге дейін жетеді деп болжайды.
2014 жылдан бастап KEGOC қор биржасында IPO-ға шыққанда акциялардың құны 505 теңгеден 1525 теңгеге дейін үш есе өсті. Брокерлердің орташа болжамды бағасы - 1 817 теңге, яғни Компания акцияларының ағымдағы нарықтық құнынан жоғары. Сарапшылар өсудің елеулі әлеуетін электр энергиясы нарығындағы жаңа реттеуші өзгерістермен және ҰЭТ-ты пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуымен байланыстырады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе өсті - 14 млрд теңгеден 23 млрд теңгеге дейін. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша KEGOC таза пайдасы шамамен 31,5 млрд теңге болады деп болжанады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 4,8 млрд теңгеге артық. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі қызметтен түскен табыс 11,3%-ға немесе 11,56 млрд. теңгеге, яғни 102,8 млрд. теңгеден 114,4 млрд. теңгеге дейін өсті.
Кездесу барысында спикерлер қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, Компанияның одан әрі даму жоспарларын айтты. Ақтөбедегі кездесу қазақстандық брокерлердің жыл сайынғы «KASE FEST» жәрмеңкесі аясында өтуде. Осыған ұқсас кездесулер бұрын Павлодар, Астана, Шымкент және Алматы қалаларында өткен болатын.
SPO KEGOС Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары шеңберінде және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен алу, оның ішінде қосымша эмиссия жолымен мемлекеттік активтерді жекешелендіру есебінен жүргізіледі.