Баспасөз хабарламалары

Сенат депутаттары «KEGOC» АҚ қызметімен және даму жоспарларымен танысты

KEGOC тұтынушыларын сенімді электрмен жабдықтау үшін Ұлттық электр торабын дамыту жөніндегі ірі ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Аталмыш жобалар аясында Оңтүстік энергия аймағының электр желілерін күшейту, еліміздің өзге өңірлерінде электр жеткізу магистральдық желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. KEGOC басшысы Нәби Айтжановтың айтуынша, компания биылғы жылдың 28 қарашасында Орал қаласынан Маңғыстау энерготорабына дейін желілердің өткізу қабілетін арттыратын 200 МВт электр жеткізу желілерін пайдалануға енгізді.

Осы жоба шеңберінде жаңадан бес 220 кВ электр жеткізу желісі енгізілді, қолданыстағы 5 қосалқы станция кеңейтілді және «Қарабатан» 220 кВ жаңа тарату қосалқы станциясы салынды.

KEGOC келешекте, яғни 2035 жылға дейін жоспарланған Ұлттық электр торабын дамыту бойынша алты ірі инфрақұрылымдық жобаны, оның ішінде Батыс энергетикалық аймағын еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасын іске асыруды қарастыруда, оған 2024 жылы кірісу жоспарланып отыр.

Электр энергетикасы нарығындағы жаңа моделдің жұмыс істеу мәселелеріне келетін болсақ, депутаттар Бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы жүйесі енгізілген Жүйелік оператордың негізгі қызметтері жайында хабардар болды.

Жүргізілген реформаның нәтижесінде энергия жүйесінде бірқатар оң өзгерістер пайда болды. Мәселен, жоспарлы жөндеуге шығарылатын энергия қуаттарының көлемі ұлғайды, шектес энергия жүйелерімен шекарадағы теңгерімсіздік көлемі азайды. Сондай-ақ, субъектілерге электр энергиясын бір күн бұрын тұтынудың нақты кестесін құруға мүмкіндік туды.

Кездесу барысында жаңа модельдің алғашқы айларда анықталған өзекті мәселелері талқыланды және оларды шешу жолдары ұсынылды.


 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс