Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ-да мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмыстары мәселелері бойынша семинар өтті

Бүгін «KEGOC» АҚ-да «Терминология және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмыстары мәселелері» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері, «KEGOC» АҚ Атқарушы дирекциясы құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, іс жүргізушілері, ЖЭТ филиалдарының аудармашылары және «Энергоинформ» АҚ еншілес ұйымының мемлекеттік тілді дамытуға жауапты мамандары қатысты.

Семинар барысында Қазақстан Республикасында Тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері, энергетика саласындағы терминология мәселелері, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаужүйесі, мемлекеттік тілді дамытуда цифрландыру мен ақпараттық технологиялардың алатын орныжәне мемлекеттік тілдегі құжат айналымы мәселелері талқыланды. 

KEGOC-та Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген міндеттерді іске асыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Қызметкерлердің қажетті тілдік құзыреттілік деңгейіне қол жеткізуі үшін жыл сайын қазақ тілін оқыту курстары өткізіліп отырады. Мәселен, 2022-2023 жылдары аралығында мемлекеттік тілді оқыту курстарына 562 қызметкер қатысып сертификат алды. Биыл тамыз айынан бастап 300-ден астамқызметкерге қазақ тілін оқыту курстарын өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап Атқарушы дирекция мен жүйеаралық электр тораптарыфилиалдарының қызметкерлері үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу өткізіліп келеді. 2023 жылғы мамыр айында өткізілгендиагностикалық тестілеуге 99 қызметкер қатысып, оның ішінде 88 қызметкер, яғни 89%-і тестілеуді өте жоғары деңгейде (В1, В2, С1) тапсырды.

Компанияда жүргізіліп жатқан мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданылу аясын кеңейту бойынша жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлесі артты. 

2024 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 95%-ті және ішкі шығыс құжаттарының үлесі 96%-ті (2023 жылғы 1-тоқсанда бұл көрсеткіштер сәйкесінше 85%-ті, 89%-ті құраған болатын) құрады.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс