Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ өкілдері «Қазақстандық акционерлік капитал нарығы күні» KASE конференциясына қатысты

Лондонда өткен қазақстандық акционерлік капитал нарығы күнінде халықаралық банктер, қазақстандық жария компаниялар мен брокерлер өкілдері қазақстандық қор нарығының инвестициялық әлеуетін талқылады.

KEGOC экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева компания қызметі туралы ақпарат беріп, Қазақстанның қор биржаларында IPO және SPO өткізу тәжірибесімен бөлісті.

Ол компанияның саладағы шешуші рөліне тоқталды. KEGOC Қазақстан электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы саналады, жоғары вольтты магистральдық желілерді иеленеді және басқарады. Компания экономиканың қажеттіліктерін және жаңа жоспарланған қуаттардың энергия теңгеріміне интеграциялануға дайындығын қамтамасыз ету үшін энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың теңгерімді бағдарламасын ұстанады. Бұл ретте негізгі басымдықтардың бірі инвесторлар мен акционерлер алдындағы өз міндеттемелерін толық орындау болып отыр.

KEGOC акциялары Қазақстандық қор нарықтарында орналастырылған. KEGOC акциялары 2014 жылы KASE-де алғаш рет (IPO) орналастырылды, ал 2023 жылы компания акциялары қосымша орналастырылды. Нәтижесінде, бүгінгі күні KEGOC акцияларының 15%-ы еркін айналымда және екі қазақстандық қор биржасында, яғни KASE және AIX-тегі тізімнен көруге болады.

KEGOC-та тартымды дивидендтік саясат қалыптасқан – компания таза пайданың кем дегенде 60%-ын дивидендтерге бөледі және жылына екі рет дивиденттер төлейді. Акциялар құнының өсуі (акция бағасы IPO-ға шыққан күннен бастап 1,04 доллардан 3,15 долларға дейін өсті (биылғы жылдың 15 қазанындағы баға) және төленген дивидендтер 10 жылдағы акциялардың жиынтық кірістілігі 410% құрады, бұл орташа есеппен жылына 41% құрайды.

Компанияның негізгі ұстанымы мен дамуының нақты стратегиялық бағытының болуы, өндірістік және қаржылық көрсеткіштерінің тұрақты өсуі, дивидендтердің мінсіз тарихы, сондай-ақ жоғары рейтингтері компанияны сенімді инвестициялық құралға айналдырып отыр.

«KEGOC акциялары құнының өсу әлеуеті компанияның қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруымен тікелей байланысты. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша пайда көлемі 113,2 млн АҚШ долларына дейін өседі деп күтілуде, ал 2025 жылға болжам – шамамен 122 млн АҚШ доллары. KEGOC мемлекет пен компания акционерлерінің мүддесі үшін жоғары қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында қызметті жетілдіруді әрі қарай жалғастырады», - деп атап өтті Айгүл Әкімбаева.

 

 

 

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс