KEGOC кеңсесінде USAID өкілдері Орталық Азияда жүргізілген екі техникалық зерттеудің нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, «Маневрлік қуатқа өңірлік қажеттіліктерді бағалау» және «ЖЭК интеграциясының өңірлік электр жеткізу жүйесіне әсері және электр желілеріне инвестициялау критерийлері».
Аймақтық қажеттіліктерді зерттеу аясында USAID сарапшылары Орталық Азиядағы генерацияның маневрлік деңгейін, сондай-ақ оның аймақтағы ЖЭК-ті кең ауқымда енгізу кезінде энергия жүйесінің күтілетін жұмыс сценарийлеріне әсерін мұқият зерттеген. Зерттеушілер түсінікті болу үшін аймақтық генерацияны диспетчерлеудің дамыған моделін және өңірлік икемділік пен ЖЭК интеграциясын талдау қажеттіліктері үшін нарықтың имитациялық моделін көрсетті.
Талдау көрсеткендей, 2032 жылға қарай аймақ ЖЭК-ті кең ауқымда интеграциялау арқылы өзінің генерация портфолиосын айтарлықтай әртараптандырып, көмірқышқыл газ шығарындарын азайта алады. Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерінен туындаған қуатты белсенді теңестіруге назар аудару қажет. Сарапшылар ОА елдерінің әрбір энергожүйесіне ЖЭК-тің күтілетін деңгейлерін тиімді интеграциялау мақсатында желіні қосымша нығайту бойынша ұсыныстар дайындады.
«Бүгін USAID өкілдерімен кездестік. Кездесу барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен таныстық. Олар энергия жүйесінің өңірдегі таза энергияны кең ауқымды интеграциялауға дайындығын қамтамасыз ету және Орталық Азияның энергия жүйелері арасында электр энергиясының өсіп келе жатқан көлемін жеткізу бойынша одан әрі іс-қимылдарды тиімді жоспарлау үшін пайдалы болмақ», - деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.