Бүгін Қазақстан энергетикалық секторы үшін маңызды оқиға – Қазақстанның жүйелік операторы «KEGOC» АҚ мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында кредиттік келісімге, сондай-ақ «KEGOC» АҚ мен Қазақстан даму банкі арасында кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойылды.
Бұл келісімдер «Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстанның БЭЖ-мен біріктіру. Электр желілік объектілерді салу» маңызды жобасын іске асыруға бағытталған.
Екі келісімнің жалпы сомасы шамамен 141 млрд теңгені құрайды, оның 32 млрд теңгеге жуығын Қазақстан даму банкінен тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат батыс өңірін энергиямен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беретін электр желілік объектілерді салуға және жаңғыртуға бағытталатын болады. ЕҚДБ-ның қаржылық қолдауы, сонымен қатар High Impact Partnership on Climate Action бағдарламасы аясында Канада үкіметінен 15 миллион еуро көлемінде жеңілдетілген қарызды қамтиды.
Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-нің негізгі бөлігімен республика аумағы бойынша біріктіру елдің батыс облыстарының энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар энергия жүйесінің Солтүстік және Оңтүстік аймақтарының электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін Батыс аймақтың маневрлік генерациясын пайдалануға мүмкіндік береді. Батыс аймақтың өткізу қуаты 500 МВт-қа дейін артады.
Инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың электр энергетикалық жүйенің Оңтүстік аймағын күшейту, кейіннен Қазақстанның БЭЖ-імен біріктіре отырып, Батыс өңірлер арасындағы транзиттік байланыстарды күшейту схемасын әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда.
Жоба шеңберінде ұзындығы 604,3 км болатын 500 кВ «Қарабатан ТП – Өлке ҚС» ӘЖ салу, 500 кВ «Өлке» ҚС реконструкциялау және кеңейту, сонымен қатар 500 кВ «Қарабатан» ТП АТҚ-сын салу көзделген. Жобаның аяқталу мерзімі - 2027 жылғы желтоқсан.
Еуропалық қайта құру және даму банкі «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесінің ашықтығын оң бағалады, бұл халықаралық әріптестер мен инвесторлардың сенімін нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл Қазақстанда ірі инфрақұрылымдық жобалардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ететін ашықтық пен кәсібиліктің жоғары деңгейін растайды.
ЕҚДБ-мен кредиттік шарт корпоративтік шешімдер қабылданғаннан кейін 2024 жылғы 20 желтоқсанда күшіне енеді.
«Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Қазақстан даму банкі көптеген жылдар бойы Қазақстандағы маңызды жобаларды қолдауға адал қызмет көрсетіп келеді. Біз серіктестерімізге бұл жобаны ғана емес, сонымен қатар экономиканың негізгі салаларын тұрақты дамытуға және жаңғыртуға ықпал ететін «Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ екінші транзитін салу жөніндегі жобаны және өзге де бірқатар инфрақұрылымдық бастамаларды қаржылық және сараптамалық қолдағаны үшін алғыс білдіреміз» - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов келісімге қол қою сәтінде.
KEGOC өкілдері ЕҚДБ мен Қазақстан даму банкінің қолдауы мен сенімі үшін алғыс білдіріп, бұл жобаны іске асыру Қазақстан энергетикалық инфрақұрылымын тұрақты дамыту және жаңғырту мақсаттарына қол жеткізуге маңызды қадам болатынын атап өтті.
ЕҚДБ-мен ынтымақтастық туралы толығырақ келесі сілтемеден білуге болады: https://www.kegoc.kz/ru/press-center/mass-media-about-the-company/164839/