KEGOC пен TOYOTA TSUSHO CORPORATION ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
Бүгін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің алаңында «KEGOC» АҚ мен «TOYOTA TSUSHO CORPORATION» (TTC) компаниясы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігі қолдаған халықаралық әріптестік аясында өтті.
Тараптар 220 кВ және одан да жоғары кернеулі электр желілеріндегі кернеу ауытқуларын талдау арқылы жүйенің тұрақтылығын арттыру жөнінде келісті. Бұл жоба Жапония министрлігінің қаржылық қолдауына ие болып, еліміздің энергия жүйесінің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға маңызды қадам болмақ.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов құттықтау сөзінде бұл Меморандумға қол қою энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, тұрақты энергиямен қамту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтті.
Меморандум аясында KEGOC пен TTC теңдік және өзара тиімділік қағидаттарына негізделе отырып, ақпарат, технологиялар, білім және тәжірибе алмасу ниеттерін білдірді.
«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов алдағы зерттеулердің маңыздылығын атап өтіп, олардың Қазақстан энергетика саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанын жеткізді. «Елімізде күн және жел энергетикасы сияқты жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) қарқынды дамып келеді. Бұл – көміртегі ізін азайту және «жасыл» экономикаға көшу бойынша жаһандық трендке сай бағыт. Электр энергиясына сұраныстың артуы мен ЖЭК-тің белсенді дамуына байланысты жоғары кернеулі желілердегі кернеуді тұрақтандыру мәселесі аса өзекті болып отыр», - деп атап өтті.
KEGOC басшысы, сондай-ақ TTC компаниясының заманауи технологиялары мен инновациялық тәсілдерін қолдану Қазақстанның жоғары кернеулі желілерінің сенімділігі мен тұрақтылығын едәуір арттыратынына сенім білдіріп, бұл еліміздің энергетика саласына елеулі пайда әкелетінін және энергиямен қамту сенімділігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
Тізімге қайту