Түркістанда өткен кездесу: KEGOC Оңтүстік Қазақстанның энергожүйесін күшейтеді
«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Кездесу барысында Түркістан өңірін сенімді энергиямен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
KEGOC компаниясының басшысы өңір басшысын Түркістан облысындағы электр энергетикасын дамыту және энергия өндіретін қуаттарды кеңейту жөніндегі компанияның болашақ жоспарларымен таныстырды.
Компания «Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» ірі инвестициялық жобасын іске асырып келеді. Жобаның мақсаты - еліміздің оңтүстігіндегі энергетикалық жүйені күшейту және өңірдің, жалпы Қазақстан Республикасының электрмен жабдықталу сенімділігін арттыру.
Жоба аясында Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында 500–220 кВ желілерін күшейту, сондай-ақ ұзындығы 475 км болатын 500 кВ «Шу–Жамбыл–Шымкент» әуе желісін салу, сәйкесінше қосалқы станцияларды кеңейту және 220 кВ желісін жаңғырту көзделген. Аталған жобаларды сәтті іске асыру Қазақстан Республикасының Оңтүстік өңірінің экономикалық дамуына жаңа серпін береді.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Түркістан облысында «KEGOC» АҚ 220 кВ «Орталық» жаңа қосалқы станциясын іске қосқан болатын.
Тізімге қайту