Баспасөз хабарламалары

KEGOC электр желілік инфрақұрылымды қысқы жүктемелерге жоспарлы дайындық жұмыстарын бастады

«KEGOC» АҚ 2026–2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне электр желілік кешенді дайындау шеңберінде жөндеу науқанын бастады. Биыл қазан айына дейін компания 589 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұдан кейін электр желілерінің қысқы ең жоғары жүктемелер кезеңіне дайындығын растайтын дайындық паспорты алатын болады.

2026 жылы 100 электр жеткізу желісі, қосалқы станциялардың 38 бірлік жабдығы, 107 ғимарат пен құрылыс нысандары, 337 бірлік автокөлік және 7 өзге негізгі құрал жөнделеді. Жұмыстар жабдықтарды жөндеуге шығару бойынша бекітілген кестелерге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, «KEGOC» АҚ апаттық материалдар қорын, қосалқы бөлшектер мен конструкцияларды толықтыруда, сондай-ақ трансформатор майы мен жанар-жағармай материалдарының қажетті қорын қалыптастыруда.

«Жөндеу науқаны – KEGOC қызметіндегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Осы уақытта компания алдағы ең жоғары тұтыну кезеңіне электр желілік нысандарды дайындау үшін өндірістік және техникалық ресурстарды шоғырландырады. 2026 жылы жөндеу жұмыстары 589 нысанды қамтиды. Бұл жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы жабдықтың күзгі-қысқы кезеңде сенімді жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді», – деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев.

Компания су тасқынына қарсы іс-шараларға ерекше назар аударады. Өңірлік филиалдарда электр желілік нысандарды су тасқыны кезеңіне дайындау жөніндегі комиссиялар құрылған. Электр жеткізу желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды еріген сулардың әсерінен қорғау бойынша шаралар қабылдануда. «KEGOC» АҚ жергілікті атқарушы органдармен, ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен және гидрометеорологиялық қызметтермен тұрақты байланыста жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Осы кезеңде ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін арнайы кешенді бригадалар құрылды. Олар қажетті автотехникамен, автономды электр энергиясы көздерімен, су айдау сорғыларымен және жанар-жағармай материалдарының қорымен қамтамасыз етілген. Қосымша түрде жабдықтардың, материалдар мен қосалқы бөлшектердің апаттық қоры дайындалды. Қазіргі уақытта электр жеткізу желілері мен қосалқы станцияларды су басу қаупі тіркелген жоқ.

 


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші