Астана қаласында «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлік қанатының қатысуымен энергетика саласы өкілдерінің кездесуі өтті. Шара барысында электр энергетикасын дамытудың негізгі мәселелері – тарифтік саясаттан бастап ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және кадрлық қамтамасыз етуге дейінгі бағыттар қаралды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, депутаттар, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты.
«KEGOC» АҚ атынан кездесуге Басқарма төрағасы Наби Айтжанов қатысты.
Талқылау барысында Қазақстанда энергетика саласын жүйелі жаңғыртуға көшу жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Бұл бағыт тарифтік саясатты жетілдіруді, жаңа қуаттарды іске қосуды және электр желілік инфрақұрылымды дамытуды қамтиды. Инвестициялық тартымдылық пен тарифтердің әлеуметтік әділдігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
KEGOC Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы ретінде Ұлттық электр торабының сенімді жұмысын қамтамасыз етеді және энергия жүйесінің режимдерін орталықтандырылған басқаруды жүзеге асырады.
Бүгінде компания энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық жобаларды іске асыруда:
Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту.
Жоба Солтүстік–Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетін арттыруға және оңтүстік өңірлердің сыртқы энергия жеткізілімдеріне тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Батыс аймағын Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру.
Ұзындығы 600 км-ден асатын «Қарабатан – Өлке» электр жеткізу желісін салуды және қосалқы станцияларды жаңғыртуды көздейді, бұл Батыс өңірдің энергия жүйесін елдің бірыңғай желісіне біріктіруді қамтамасыз етеді.
Астана қаласының электрмен жабдықталуын күшейту.
Екінші электрмен жабдықтау орталығын құру елордадағы электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етіп, жабдықтау сенімділігін арттырады.
Солтүстік–Оңтүстік транзитін дамыту.
Желінің өткізу қабілетін арттыру жобалары жүктемелердің өсуі мен жаңартылатын энергия көздерінің дамуы жағдайында энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Кездесу аясында электр желілік инфрақұрылымды қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталған заңнамалық бастамалар да талқыланды.
Атап айтқанда, қуат нарығы арқылы нарықтық құралдарды енгізу, аукциондық сауда өткізу және инвестициялық келісімдер жасау мәселелері қарастырылуда. Бұл шаралар жобаларды жедел іске асыруға және салаға ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған шаралар 26 ГВт-тан астам жаңа генерацияны іске қосу үшін қажетті жобаларды уақтылы жүзеге асыруға бағытталған.
Сала күштерін шоғырландыру
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласының негізгі міндеттерін шешу үшін өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға дайын екендерін растады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, активтердің тозуын төмендету, кадрлық әлеуетті дамыту және энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыру мәселелері қамтылды.
KEGOC Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімді және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жобаларды іске асыруды жалғастырады.