Баспасөз хабарламалары

KEGOC күзгі-қысқы кезеңнің қорытындыларын және желілік инфрақұрылымды дамыту жоспарларын ұсынды

2026 жылғы 5 мамырда Астана қаласында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңнің қорытындылары туралы баяндады. Сондай-ақ энергожүйедегі қазіргі баланстық жағдай, келесі маусымға дайындық және негізгі электржелілік жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі күзгі-қысқы кезеңді штаттық режимде өткізді. Ең жоғары жүктемелер жағдайында энергожүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді. Тұтынудың ең жоғары деңгейі 2025 жылғы 18 желтоқсанда тіркеліп, 17 724 МВт құрады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 3%-ға жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын тұтыну 124,6 млрд кВт/сағ (+3,8%), ал өндіріс көлемі 123,1 млрд кВт/сағ (+4,4%) болды.

2025 жылы елде жалпы қуаты 1 577,8 МВт болатын жаңа қуат көздері пайдалануға берілді. Оның ішінде 870,1 МВт – жылу генерациясына, 707,7 МВт –жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. ЖЭК үлесі 7%-ды құрады. Болжам бойынша, алдағы күзгі-қысқы кезеңде тұтынудың ең жоғары деңгейі 18,2 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін.

Келесі маусымға дайындық аясында «KEGOC» АҚ 2026 жылы 589 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Жөндеу науқаны басталды: бүгінгі күні 5 электр жеткізу желісі және 45 бірлік автокөлік жөнделді.

Сонымен қатар, компания ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. 2026 жылы оның көлемі 182,4 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 152,3 млрд теңге өндірістік активтерді дамыту мен кеңейтуге бағытталған.

Негізгі жобалар қатарында «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру» жобалары бар. Бұл жобаларды іске асыру жедел қарқынмен жүргізілуде.

«KEGOC» АҚ Ұлттық электр торабының сенімді жұмысын қамтамасыз етуді және өңірлерді, өнеркәсіпті тұрақты электрмен жабдықтау үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып келеді.


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші