Баспасөз хабарламалары

KEGOC «Green Corridor Alliance» жобасының жаңа кезеңін талқылауға қатысты

UEW 2026 халықаралық энергетикалық форумы аясында Ташкент қаласында Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергетика саласы өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті. Тараптар «Green Corridor Alliance» жобасын іске асырудың қазіргі мәртебесі мен алдағы қадамдарын талқылады. KEGOC компаниясы «Азерэнержи» ААҚ және «Өзбекстан ұлттық электр желілері» АҚ-мен бірлесіп құрған «Green Corridor Alliance» ЖШҚ құрылтайшыларының бірі саналады.

2026 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және тарату саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Бұл жоба бойынша алдағы практикалық жұмыстарды жүзеге асыруға қажетті құқықтық негіз қалыптастырды.

Кездесу барысында тараптар жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану, мемлекетаралық энергетикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ «жасыл» электр энергиясын Еуропаға және басқа өңірлерге экспорттауға жағдай жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан ұлттық электр желілерін күшейту мәселесін қоса алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды.

Қазіргі кезеңдегі негізгі бағыттардың бірі – жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. Консультант ретінде италиялық CESI S.P.A. компаниясы таңдалды. ТЭН-ді аяқтау 2027 жылғы мамырға жоспарланған. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша жобаның құны, үш елдің желілік инфрақұрылымын күшейту көлемі, қаржылық моделі, сондай-ақ жобаны одан әрі іске асырудың техникалық және инвестициялық параметрлері айқындалады.

«Green Corridor Alliance» жобасы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы энергетикалық интеграцияны дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. KEGOC үшін трансөңірлік байланыстарды одан әрі дамыту техникалық тұрғыдан негізделген шешімдерге сүйеніп, Қазақстан энергожүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуі маңызды», – деп атап өтті KEGOC АҚ ҰЭТ-ты дамыту жөніндегі басқарушы директоры Қанат Аяпбергенов.

«Green Corridor Alliance» жобасы 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде өткен COP29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында бастау алды. Саммит барысында үш мемлекеттің басшылары «жасыл» энергияны өндіру және тарату саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Жобаны іске асыру мерзімі 2025–2032 жылдарға жоспарланған.


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші