«KEGOC» АҚ-да жыл сайын өткізілетін «Үздік рационализаторлық ұсыныс» конкурсының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар Компанияның Ғылыми-техникалық кеңесінің отырысында анықталды.
2025 жылы конкурсқа 63 өтінім түскен, оның ішінде 17-сі рационализаторлық ұсыныс деп танылды. Жалпы төленген сыйақының көлемі 14,312 млн теңге. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2024 жылы түскен 100 өтінімнің 16-сы рационализаторлық ұсыныс ретінде танылып, 13,198 млн теңге көлемінде сыйақы төленген болатын. Бұл көрсеткіштер бастамалар сапасының артқанын көрсетеді: сараптамалық бағалаудан сәтті өтіп, тәжірибелік маңыздылығы дәлелденген шешімдердің саны артты.
2025 жылдың үздік рационализаторлық ұсынысы болып «Тартпа механизмдерін қолданбай, кермелерді жөндеу немесе ауыстыру кезінде тіректерді уақытша бекітуге арналған құрылғы» танылды. Ұсыныстың авторлары – «Ақмола ЖЭТ» филиалының ЭБЖ өндірістік учаскесінің шебері А.Т. Қодарменов және тең авторы – «Ақмола ЖЭТ» филиалының ЭБЖ өндірістік учаскесінің шебері Е.Н. Артымбаев.
Бұл ұсыныс электр жеткізу желілерінің тіректеріндегі кермелерді жөндеу және ауыстыру жұмыстарына арналған. Мұндай жұмыстарды орындау кезінде тіректі сенімді бекітіп, оның жылжуына жол бермеу қажет. Әдетте бұл мақсатта тартпа механизмдері қолданылады. Алайда оларды пайдалану қосымша ресурстарды талап етеді әрі батпақты жерлерде, өзендер, каналдар, жыралар маңында немесе таулы аймақтардағы қолжетімділігі қиын учаскелерде оларды қолдану әрдайым мүмкін бола бермейді.
Ұсынылған құрылғы тартпа механизмдері мен күрделі жабдықтарды қолданбай-ақ тіректі уақытша бекітуге мүмкіндік береді. Конструкция якорлық элемент қызметін атқаратын қолданыстағы U-тәрізді болтқа орнатылады және жұмыс жүргізу кезеңінде керменің тартылуын сенімді түрде ұстап тұрады. Авторлардың айтуынша, құрылғы персоналдың қауіпсіздігін арттырып, жөндеу уақытын қысқартады, сондай-ақ еңбек және пайдалану шығындарын азайтады.
Екінші орынға екі ұсыныс ие болды:
«Фланецті конусты тіректерді құрастыруға арналған жылжымалы стенд». Авторы – «Оңтүстік ЖЭТ» филиалы ЭБЖ қызметінің бастығы Қ.А. Ақтамбердиев, тең авторы – «Алматы ЖЭТ» филиалы Алатау ЭТӨБ-нің 6-разрядты электргазбен дәнекерлеушісі С.К. Чалабаев.
«Автоматты қайта қосудың бұғатталуын болдырмау үшін типтік жобаны өзгерту». Тең авторлары – «Ақмола ЖЭТ» филиалы РҚҚжЭҚ қызметінің аға инженері Б.К. Билялов және аталған қызметтің бастығы Е.У. Лекеров.
Үшінші орынға келесі ұсыныстар лайық деп танылды:
«Жұмыс жиілігінде жоғары жиілікті бөгегіштердің параметрлерін жанама анықтау әдісі». Авторы – «Орталық ЖЭТ» филиалы РҚҚжЭҚ қызметінің жетекші инженері С.С. Тумилович, тең авторы – осы қызметтің 2-санатты инженері С.В. Куркевич. Ұсынысты әзірлеуге «Орталық ЖЭТ» филиалы ӨТҚ қызметінің 2-санатты инженері А.А. Қобыланды да атсалысты.
«Тартпа механизмдерін қолдана отырып жұмыстарды қауіпсіз орындау әдісі». Тең авторлары – «Солтүстік ЖЭТ» филиалы бас инженерінің орынбасары О.В. Журавлев және «Солтүстік ЖЭТ» филиалының Орталық ЭТӨБ шебері Д.А. Сарбасов.
«Электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы бағаларды есептеуді автоматтандыру». Тең авторлары – режимдер жөніндегі бас диспетчердің орынбасары А.Е. Жумабаева және «Энергоинформ» АҚ Технологиялық жүйелерді сүйемелдеу департаментінің бас сарапшысы А.Г. Патакин.
Конкурс қорытындысы бойынша үздік деп танылған ұсыныстар KEGOC филиалдарының қызметінде маңызды қолданбалы мәнге ие. Оларды одан әрі енгізу жабдықтың сенімділігін арттыруға, жекелеген операцияларды орындау кезіндегі еңбек шығындарын қысқартуға, пайдалану шығындарын азайтуға және Ұлттық электр торабы нысандарындағы жөндеу жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2013–2025 жылдар аралығында KEGOC-та 295 рационализаторлық ұсыныс мақұлданды. Бұл жұмысқа Компания мен оның еншілес ұйымдарының 358-ден астам қызметкері атсалысты. Олар күнделікті өндірістік қызмет барысында жетілдіру мүмкіндіктерін анықтап, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген тиімді шешімдер ұсынып келеді.