«KEGOC» АҚ Павлодар облысында қатты дауыл салдарынан зақымданған 220 кВ «ЕЭК – Қалқаман» электр жеткізу желісінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын толық аяқтады.
19 шілдеде секундына 35 метрден асатын екпінді жел мен нөсер жаңбырдың салдарынан электр жеткізу желісінің сегіз темірбетон аралық тірегі зақымданды. Осыған байланысты Екібастұз қаласы әкімінің 2026 жылғы 22 шілдедегі №12 шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Зақым анықталған сәттен бастап «KEGOC» АҚ авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жедел ұйымдастырды.
Электр жеткізу желісін қалпына келтіру жұмыстарына 104 маман мен 46 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп, барынша қысқа мерзімде аяқталды.
22 шілде күні сағат 19:52-де электр жеткізу желісі қайтадан іске қосылды. «KEGOC» АҚ қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде Ұлттық электр торабының зақымданған учаскесі толық қалпына келтірілді.