Баспасөз хабарламалары

Боранды жел мен жауыннан 500 кВ-тық «Ағадыр– Жезқазған» ӘЖ-нің учаскесі бұзылды

Сенбіде, 25 маусымда сағат 16:44 (АСТ) Қарағанды облысындағы боранды жел мен нөсерлі жаңбыр темір бетон тіректерді құлатып, одан кейін 500 кВ «Ағадыр-Жезқазған» ӘЖ апаттық жағдайда ажыратылды. Жезқазған энергия торабының энергияны тұтынуы апатқа қарсы автоматика жұмысының көмегімен 60 МВт-қа шектелді.   

«KEGOC» АҚ Жүйелік операторы Ұлттық диспетчерлік орталығының (ЖО ҰДО) жедел қызметкерлерінің іс-қимылы нәтижесінде 6 минуттан кейін (16:50) торапты энергиямен жабдықтау қолданыстағы 220 кВ-тық екі ӘЖ есебінен толық көлемде қалпына келтірілді.

Қазіргі уақытта апаттық учаскеде Ақмола, Солтүстік, Алматы және Орталық ЖЭТ ресурстарын қатыстыра отырып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 

“KEGOC” АҚ-ның жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде Жезқазған энергия торабының тұтынушыларын сенімді түрде электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін режим құрылды.    


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші