Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ 2021 жылғы қызметін қорытындылады

«KEGOC» АҚ аудиттелген қаржылық есептемесіне сәйкес 2021 жылы таза пайда 52,6 млрд. теңгені құрады. Таза пайда нәтижесіне реттелетін қызметтер көлемінің өсуі арқасында қол жеткізілді.

Осылайша, электр энергиясын жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 18,4%-ға артып, 54,6 млрд.кВт сағатты құрады. Техникалық диспетчерлендіру және электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі де 2020 жылмен салыстырғанда орта есеппен 6% ға өскенін көрсетті. Қызметтер көлемінің артуы елдегі электр энергиясын өндіру мен тұтынудың өсуіне байланысты.

Компанияның акциялары жоғары өтімділік пен өсу тұрақтылығының үрдісін көрсетіп келеді - жыл басынан бері бір акцияның нарықтық бағасы 169,5 теңгеге (1 699,5 теңгеден 1 869 теңгеге дейін) өсті, акция құнының ең жоғарғы мәні 1 920 теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың межесінен асып түседі, яғни 170 теңгеге артық.

Есептік жылы акционерлерге жалпы сомасы 41,5 млрд.теңге дивидендтер төленді, оның ішінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 19,5 млрд. теңге және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 22 млрд. теңге. Жалпы алғанда, компанияның акцияларын қор биржасында бастапқы орналастырған сәттен бастап акционерлерге төленген дивидендтердің жалпы сомасы 174,7 млрд.теңгені құрады. Дивидендтердің жиынтық төлемдерінің мөлшері бір жыл ішінде 2014 жылғы 8,6 млрд.теңгеден 2020 жылы 39,5 млрд. теңгеге дейін немесе 4,6 есеге өсті.

            2021 жылғы желтоқсанда компания «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС еншілес ұйымын («ҚЕО» ЖШС) мемлекет меншігіне иеліктен шығарды. Бұл ретте «ҚЕО» ЖШС-ны иеліктен шығару KEGOC акционерлеріне дивидендтер төлеу мөлшеріне әсер етпейді, себебі «ҚЕО» ЖШС-ның таза пайдасы оның Жарғысына сәйкес қызметтің негізгі түрін жүзеге асыруға бағытталады.

Ірі инвестициялық жобалар бойынша игеру 2021 жылы жоспар бойынша 20,4 млрд. теңге болғанда, 22,6 млрд.теңгені құрады. «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ», «Сарыбай ЖЭТ» және «Батыс ЖЭТ» филиалдарының 220-500 кВ ӘЖ-лерін реконструкциялау, I кезең» және «Қазақстан БЭЖ-і Батыс аймағының электр желісін күшейту» стратегиялық жобаларын іске асыру жалғасуда. «Түркістан қаласын сырттай электрмен жабдықтау схемасын күшейту» жобасын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс