Баспасөз хабарламалары

KEGOC-та еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша алғашқы форум өтті

«KEGOC» АҚ астанада еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша алғашқы форумды өткізді. Іс-шараға ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері, «Самұрық-Қазына» АҚ және оның құрылымына кіретін компаниялардың, «KEGOC» АҚ-ның HSE (Health Safety Environment) саласындағы басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ ТМД елдері компанияларының өкілдері қатысты.

«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы – 2022» аясында өткен форумда HSE саласындағы бейінді мамандар мен көшбасшылар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша озық тәжірибелерімен бөлісіп, өнеркәсіптік медицина және өндірістегі заманауи қорғану құралдары туралы сөз қозғады.

Іс-шарада «Vision Zero Қазақстан» іскерлік кеңесінің төрағасы «KEGOC» АҚ-ға компанияның халықаралық нөлдік жарақаттану қозғалысының қатысушысы болып табылатынын растайтын Vision Zero (барлық деңгейдегі еңбек қызметінің үш негізгі аспектісіне – қауіпсіздік, денсаулық және әл-ауқатқа негізделген Vision Zero тұжырымдамасы әлемдегі жетекші өндірістік компанияларды біріктіреді ) сертификатын табыстады.

Форумдағы тағы бір маңызды оқиға «KEGOC» АҚ филиалдары (бүкіл ел бойынша 9 өндірістік филиал) басшыларының Health & Safety саласындағы жеке міндеттемелеріне қол қоюы болды. Оған сәйкес компанияның кез келген қызметкеріне қауіпті еңбек жағдайлары анықталған жағдайда жұмыстарды орындауды тоқтату құқығы беріледі.

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевтың айтуынша өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері әрқашан бірінші орында болған және осы бағыттағы міндеттерді шешуге Компания ерекше назар аударады.

- Форум және ондағы оқиғалар KEGOC-тың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін тиімді шешудегі мүдделілігінің айқын мысалы болып табылады. Біз әрбір қызметкерге қамқорлық жасауды өз міндетіміз деп санаймыз және қауіпсіздік мәдениеті мен өндірістегі ережелерді сөзсіз сақтау басшылардан басталуы тиіс деп сенеміз, - деді ол

Ол сондай-ақ KEGOC-та еңбек қауіпсіздігі саласындағы әлемдік стандарттар үнемі зерттеліп, өндірісте озық тәжірибелер енгізілетінін атап өтті. Оқыту іс-шараларының бірі жақын арада өтеді - Компания басшылығы үшін Өндірістегі еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы халықаралық сертификаты NEBOSH бойынша курс жоспарланған.

Өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында стандартты рәсімдерден басқа, KEGOC және оның филиалдарында жыл сайын Қауіпсіздік техникасы күндері, еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша үздік филиал конкурстары, ынталандырушы флешмобтар мен байқаулар өткізілетінін атап өткен жөн. Компания, сонымен қатар, жеткізушілер мен мердігерлік ұйымдарға қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша жоғары талаптар қояды.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс