Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ жалпы көлемі 16,9 млрд. теңге болатын «жасыл» облигацияларын орналастырды

2023 жылғы 30 наурызда «KEGOC» АҚ «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда алаңында жылына 19,51% өтеуге орташа алынған кірістілікпен жалпы көлемі 16,9 млрд. теңге болатын «жасыл» облигацияларын сәтті орналастырды.

Бағалы қағаздарды өтеу мерзімі 2037 жылға дейінгі «KEGOC» АҚ екінші облигациялық бағдарламасы облигацияларының екінші шығарылымы шеңберінде орналастырылды. Сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы 84,8% құрады, бұл инвесторлардың «KEGOC» АҚ-ның «жасыл» облигацияларына деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Инвесторлар – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және Еуропалық Қайта Құру және даму банкі (ЕҚДБ).

«Жасыл» облигацияларды шығару шеңберінде «KEGOC» АҚ АХҚО Жасыл қаржы орталығынан (AIFC Green Finance Centre) ICMA жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкестік туралы сыртқы бағасын алды (Second Party Opinion).

Бұл қарастырылған қаражат «KEGOC» АҚ филиалдарының 220-500 кВ ӘЖ-сін реконструкциялау», «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» сынды инвестициядық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.

Әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау электр желілерінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, электр энергиясын тұтынушылар шығындарының көлемін оңтайландыруға мүмкіндік береді, «KEGOC» АҚ қызметінің тиімділігін арттырады. Бұдан басқа, жаңа электр желілік объектілерді салу есебінен Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағында тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі артады.

Сондай-ақ, жобалар маңызды әлеуметтік мәнге ие, яғни құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде қосымша жұмыс орындары құрылатын болады. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторының дамуына, халықтың жұмыспен қамтылуы мен әл-ауқатының артуына, бюджеттерге салық аударымдарының ұлғаюына оң әсер етеді. 

 

АНЫҚТАМА ҮШІН:

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтерін иеленеді және басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 км болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы  электр станциясы бар. Компания туралы толық ақпарат оның www.kegoc.kz корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс