KEGOC акцияларын қайталама орналастыруға қатысу үшін жаңа инвесторлардан өтінімдерді қабылдау аяқталғанға дейін тек қана10 күн қалды. SPO-ның екінші кезеңі 16 қазанда басталып, 2 қарашаға дейін жалғасады. Өтінімдерді брокерлер, банктер мен Tabys қосымшалары, сонымен қатар «Қазпочта» АҚ бөлімшелері арқылы беруге болады.
Бірінші кезең – KEGOC-тың 17 және одан да көп акцияларына иелік ететін қазіргі акционерлер (26.09.2023ж күнгі жағдай бойынша акционерлер тізіліміне сәйкес) үшін акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын іске асыру кезеңі 28 қыркүйекте басталды және 27 қазанды қоса алғанда 30 күнге созылады. Қазіргі акционерлер брокерлер арқылы немесе тікелей KEGOC-қа өтінім бере алады.
KEGOC SPO-сы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендіру жоспары шеңберінде және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен алу, соның ішінде қосымша эмиссия жолымен мемлекеттік активтерді жекешелендіру есебінен өткізіледі. «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ SPO бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері болып табылады. «BCC Invest» және «Jusan Invest» АҚ серіктес андеррайтерлер рөлін атқарады.
«Ағымдағы жылғы бірінші шілдеден бастап KEGOC әрекет ететін реттеуші орта «ландшафтында» біршама өзгерістер орын алды – электр энергиясын бірыңғай сатып алушы нарығы енгізілді, бұл өзгерістерге жетекші инвестициялық банктердің тәуелсіз аналитиктері назар аударып, компания акцияларының нысаналы құны бойынша өз болжамдарын айтарлықтай көтерді – ол алдағы 12 айға 1817 теңгені құрайды, ал қазір SPO акцияларды 1482 теңге бойынша сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Өсу басымдылығын анық байқауға болады!» - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиходжаев.
KEGOC SPO шеңберінде 15 294 118 жай акцияны ұсынады, бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі компания акцияларының жалпы санының кемінде 85%-ын құрайды. Бір жай акцияның бағасы 1482 теңге. Жетекші брокерлік-дилерлік ұйымдардан KEGOC акциясының нысаналы құны осы мәннен жоғары және 1950 теңгеге дейін жетеді.
«KEGOC акциялары - Қазақстанның капитал нарығында бәсекелестік кірістілікті қамтамасыз ететін сенімді инвестициялық құрал. 2014 жылғы IPO күнінен бастап акциялардың бағасы үш еседен астам өсті. 9 жыл ішінде акционерлерге 218 млрд теңге жалпы сомасына дивидендтер төленді. Акциялар құнының өсуін және төленген дивидендтерді ескере отырып, акционерлердің жиынтық кірісі 400% -ды құрады. Компания жыл сайын таза пайданың тұрақты өсуін болжайды, оның кем дегенде 60% - ы жылына екі рет дивидендтер төлеуге жұмсалады», - деді KEGOC Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева.
Электр энергиясы нарығындағы жаңа реттеуші өзгерістерге, ҰЭТ-ты пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуына, сондай-ақ елдегі электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуіне байланысты елеулі өсу әлеуеті KEGOC тартымдылығының маңызды факторы болып табылады. 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтағы таза пайда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе, яғни 14 млрд теңгеден 23 млрд теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша KEGOC таза пайдасы шамамен 31,5 млрд теңге деңгейінде күтілуде, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 4,8 млрд теңгеге артық. 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта негізгі қызметтен түскен табыс 11,3% -ға немесе 11,56 млрд теңгеге, яғни 102,8 млрд теңгеден 114,4 млрд теңгеге дейін өсті.
«KEGOC брокерлермен және биржалармен бірге инвесторлардың компания акцияларына қызығушылығын арттыру бойынша белсенді ақпараттық науқанды жалғастырып жатыр. Халықтың хабардарлығын арттыру үшін біз әр түрлі құралдарды қолданамыз. Мысалы, Қазақстанның ірі қалалары бойынша KASE-мен бірге роуд-шоу өткіздік, сарапшылармен, банк клиенттерімен кездесіп, «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары арасында ақпарат таратамыз. Бұның барлығы мүмкіндігінше көп қазақстандық KEGOC SPO туралы хабардар болуы және жетекші энергетикалық компанияның акцияларын сатып алу мүмкіндігін пайдалануы үшін жасалып жатыр», - деп хабарлады «SkyBridge Invest» АҚ Басқарма төрағасы Шолпан Айнабаева.
SPO-ның негізгі мақсаты – KEGOC-тың ҚР Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағының желілерін күшейту бойынша ірі инвестициялық жобасын іске асыру үшін қаражат тарту болып табылады. Бұл электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуіне байланысты Оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ негізінен Оңтүстік аймақта шоғырланған ірі ЖЭК объектілерінің қуатын беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды жоба болып табылады. Жоба шеңберінде 500 кВ 3 электр қосалқы станциясын сәйкесінше кеңейте отырып, ұзындығы 475 км 500 кВ «Шу-Жамбыл-Шымкент» 2 желі салынатын болады.
«Қазақстандық инвесторлардың дивидендтер төлеу бойынша тарихы мінсіз және одан әрі өсу перспективалары бар тағы бір ұлттық компанияның акционері болудың бірегей мүмкіндігі бар. SPO KEGOC – жалпы біздің қор нарығы үшін үлкен оқиға. Брокер ретінде біз өз клиенттерімізге компанияның артықшылықтары мен оның акцияларының өсу әлеуеті туралы ақпарат береміз. Бүгінгі таңда Сіз компанияның акцияларын батырманы бірнеше рет басу арқылы және санаулы минут ішінде сатып ала аласыз, сонымен қатар елдің жетекші энергетикалық компаниясының акционері мәртебесін аласыз», - деді «Halyk Finance» АҚ Басқарма төрағасы Фархад Охонов.
«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функцияларын орындайды, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етеді және басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Компанияның балансында ұзындығы шамамен 27 000 км кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және ҰЭТ-ты құрайтын трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА 82 электр қосалқы станциясы бар.