Баспасөз хабарламалары

KEGOC Директорлар кеңесі Компанияның жаңартылған стратегиясын бекітті

«KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің соңғы отырысында Компанияның 2032 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспары (стратегиясы) бекітілді.

Компания электр энергетикасы саласының алдында тұрған заманауи сын-тегеуріндер мен міндеттерге сүйене отырып, дамудың стратегиялық пайымын қайта қарады.

«Ағымдағы энергия ауысуы, жаңартылатын энергия көздерін, инновациялық технологияларды дамыту Жүйелік оператордан ұлттық электр торабын озық дамытуды және жасанды интеллектті пайдалана отырып, заманауи технологияларды енгізуді талап етеді», - деп атап өтті Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директор Эльвира Қонақбаева.

Компанияда инвестициялық жобалардың тізбесі жаңартылды, ол ел экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне дайындықты қамтамасыз етуі тиіс. Жаңартылған портфель Жүйелік оператор қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі өндірістік міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Компанияның перспективалы жобаларының ішінде Ұлттық электр торабының жекелеген қималарында байланысты күшейту – бұл Астана, Қарағанды қалаларын электрмен жабдықтауды күшейту, өткен жылы салынған 500 кВ Қарабатан қосалқы станциясы арқылы Батыс энергия торабын күшейту, сонымен қатар, Батыс аймақтың энергия жүйесін біртұтас энергия жүйесімен біріктірудің екінші кезеңі, ол отандық энергия жүйесін біртұтас тізбекке толық біріктіру болып табылады.

KEGOC-та интеллектуалды желіні қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның шеңберінде өндірісте Smart Grid-тің бірқатар компоненттері енгізілді. Бұл жұмысты жалғастыру үшін диспетчерлік басқару, жүйелі болжау, аварияға қарсы қорғанысты қамтамасыз ету, қосалқы станцияларды қашықтан басқару және басқа да маңызды бастамаларға енгізілетін жасанды интеллектті пайдалана отырып, сегіз негізгі бағыт айқындалды.

KEGOC өзінің экономикаға, экологияға және қоғамға ықпалының маңыздылығын түсінеді және ұзақ мерзімді құнның өсуіне ұмтыла отырып, өз қызметінің тұрақты даму қағидаттарына сәйкестігін және ESG қағидаттарын енгізуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Компанияның энергия ауысуы жағдайында болашақ энергетикалық нарықты өзгертуге ықпал ететін Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторының функцияларын іске асыру бойынша пайымы, сондай-ақ Қазақстанның энергия жүйесінің сенімділігін, қолжетімділігін және озық дамуын қамтамасыз ету бойынша Миссиясы өзгеріссіз қалады.

«KEGOC» АҚ-ның 2023-2032 жылдарға арналған жаңартылған Стратегиясымен мына сілтеме арқылы толығырақ танысуға болады: https://www.kegoc.kz/ru/about/strategiya-razvitiya/

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс