KEGOC басшысы Нәби Айтжанов «Солтүстік ЖЭТ» филиалының 2024 жылғы 8 айдағы қызмет нәтижелерімен танысты.
Филиал директоры Азамат Әміренов филиалдың электржелілік нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екендігін баяндады. Жөндеу жұмыстары аясында барлығы 74 нысанды жөндеу көзделген, яғни 18 электр жеткізу желісі, 6 қосалқы станция жабдығы, 13 ғимарат пен құрылыс нысаны және 37 бірлік автокөлік пен арнайы механизмдер.
Есептік кезеңде филиалдың электр желілерінде авариялық сөну көлемі азайғаны байқалады. Биылғы көктеміндегі су тасқыны кезінде энергетиктер тиісті алдын алу шараларын қабылдаған болатын, соның арқасында өңір тұтынушыларын үздіксіз электрмен жабдықтау қамтамасыз етілді.
Нәби Айтжанов компанияның ағымдағы қызметі және дамудың негізгі жоспарлары туралы айтып берді. Компания энергия жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп келеді. 2023 жылды жақсы нәтижелермен аяқтап, қызметтің барлық негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізді. Сонда-ақ, жыл басынан бері өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің оң динамикасын көрсетіп келеді. Көрсетілетін қызметтердің көлемі өсті, таза пайда өткен жылдың сәйкес кезеңінен 49%-ға жоғары.
KEGOC басшысы қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бойынша атқарылған жұмыстарға, қызметкерлерді көтермелеу және сенімділігін арттыру бағдарламасының нәтижелеріне тоқталып, алдағы жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті.
Қауіпсіз жұмыс жағдайларын жасау және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету компания қызметінің негізгі аспектілерінің бірі. KEGOC басшысы өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмаудың маңыздылығын еске салды.
Кездесуді қорытындыла келе, Нәби Айтжанов желілердің сенімді жұмысын қамтамасыз етуді және жөндеу жұмыстарының жоспарланған мерзімде және толық көлемде аяқталуын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, ол филиал ұжымына жемісті жұмысы үшін алғыс білдіріп, қызметкерлерді өндірістік процестерді жақсартуда белсенді болуға, сондай-ақ рационализаторлық қызметке және басқа да корпоративтік бағдарламаларға қатысуға шақырды.
Филиалдың мүліктік кешеніне жалпы ұзындығы шамамен 3,7 км жоғары вольтты электр жеткізу желілері және кернеуі 220-1150 кВ болатын 8 қосалқы станция кіреді. 500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің барлық үш желісі де осы филиалдан бастау алады, бұл желілер арқылы Екібастұз МАЭС-1, МАЭС-2 сияқты өңірдің ірі электр станцияларынан еліміздің оңтүстік облыстарына электр энергиясы тасымалданады.