Баспасөз хабарламалары

KEGOC мамандары өзбекстандық әріптестерге арнап біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды

«Өзбекстан ҰЭЖ» АҚ қызметкерлері «220-500 кВ қосалқы станцияларда жедел персоналдың функциялары мен міндеттері» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті. Оқыту «KEGOC» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Энергоинформ» АҚ базасында ұйымдастырылды.

Қатысушылар «KEGOC» АҚ-ның 220-500 кВ қосалқы станциялары жабдықтарын жедел-диспетчерлік басқаруды ұйымдастырудағы алдыңғы қатарлы тәжірибесіне негізделген 10 модуль бойынша білім алды. Олар электр желілік жабдықтардың жағдайын диагностикалау және бақылаудың жаңа шешімдерімен және әдістерімен танысты. Сонымен қатар курстың бағдарламасы нарықтағы соңғы өзгерістерді, электр энергетикасының даму перспективаларын, нормативтік-техникалық қамтамасыз ету тәжірибесін, еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелерін де қамтыды.

Диспетчерлік персоналдың психофизиологиялық дайындығына ерекше назар аударылды, өйткені олар үшін елдің энергетикалық жүйесін басқаруда барынша тиімді болып, жедел және күрделі шешімдер қабылдау өте маңызды.

Оқыту 15 күн онлайн және 15 күн оффлайн форматта, Ақмола облысындағы Бурабай ұлттық паркінде орналасқан арнайы жабдықталған оқу орталығында өтті. Барлығы 60 адам біліктілігін шыңдап, курс соңында оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Оқу-өндірістік комбинаты 8 жылдан астам уақыт бойы өндірістік сектор мамандарына, басқарушы қызметкерлерге, жас ғалымдар мен электр энергетикасы және IT саласының сарапшыларына түрлі форматта оқыту өткізіп келеді.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс