Парижде «KEGOC» АҚ мен «ASSYSTEM» француз компаниясы қосалқы станция трансформаторының цифрлық баламасын жасау пилоттық жобасын іске асыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Қол қою рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға жұмыс сапары шеңберінде өткен қазақ-француз іскерлік кеңесінің 13-ші отырысы аясында өтті. Шара екі елдің іскерлік және өнеркәсіптік саладағы өкілдердің басын қосты. Жиын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мен іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға деген ниетін айғақтайды.
Пилоттық жоба цифрлық баламаларды әзірлеуді көздейді. Оның көмегімен жабдықтың жұмыс динамикасын қадағалауға, сондай-ақ оның техникалық жай-күйінің жекелеген параметрлерін болжауға және модельдеуге мүмкіндік туады. Бұл жабдықтың пайдалану сапасын және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыра түседі.
«Біз бұл жобаны желілерді цифрландыру және электр энергиясын беру тиімділігін арттыру жөніндегі стратегиялық бағыт шеңберінде француз әріптестеріміздің көмегімен іске асыруды жоспарлап отырмыз. Жабдықтың ықтимал ақауларын алдын-ала анықтау және авариялық жағдайлардың алдын алу үшін көрсетілетін қызмет кезінде тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік болады», - деп атап өтті KEGOC басшысы Нәби Айтжанов.