Баспасөз хабарламалары

KEGOC 2024 жылдың қорытындысы мен 2025 жылға арналған міндеттер туралы есепті ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ұсынды

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында өз қызметінің нәтижелерін ұсынды. Отырысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр басқарды. Талқылау барысында 2024 жылдың жетістіктері мен алдағы жылға арналған негізгі мақсаттар туралы айтылды.
Компания басшысы Нәби Айтжанов өз баяндамасында 2024 жылы Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) сенімді жұмысын қамтамасыз ету басты міндет болғанын атап өтті. Бұл электр энергетикасы нарығында жүйелік қызметтер көрсету мен көршілес елдердің энергия жүйелерімен белсенді өзара әрекеттесуді қамтиды.
Басқарма тқөрағасының айтуынша, 2024 жылы электр энергиясын тұтыну 4,3%-ға артып, 120 млрд кВт/сағ деңгейіне жетті. Сонымен қатар, электр энергиясын өндіру 4,5%-ға өсті, яғни 117,9 млрд кВт/сағ құрады. Айта кетерлік жайт, 2024 жылғы 8 желтоқсанда рекордтық тұтыну тіркелді, ол 17 203 МВт-қа жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3,5%-ға артты. Электр энергиясын өндіру де 16 593 МВт деңгейіне жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға жоғары. Электр энергиясының тапшылығы Ресей Федерациясынан импорт есебінен жабылды. Соған қарамастан, Қазақстан Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) тұрақты жұмыс істеді.
Алқа отырысында ұсынылған болжамдарға сәйкес, 2025-2031 жылдарға арналған электр қуатының балансы 2031 жылға қарай 4,8 ГВт-қа дейін тапшылық болуы мүмкін екенін көрсетеді, ал қажетті қуат резерві 18,5% деңгейінде болуы тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспарын бекітті. Осы шараларды іске асырудың нәтижесінде 9,1 ГВт көлемінде артық электр қуаты қалыптасады деп күтілуде.
Энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясы аясында KEGOC Ұлттық электр торабын дамыту бойынша ауқымды инвестициялық жобаларды белсенді түрде іске асыруда.
Қазіргі бастамалар:
  • Қазақстан БЭЖ-і Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту – «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа ұлғайту, газ генерациясы мен жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) біріктіру. Жаңа желілердің ұзындығы – 475 км. Аяқталу мерзімі – 2027 жылдың ортасы.
  • Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-мен біріктіру – Батыс өңірлерінің электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және елдің энергия жүйесін толық біріктірудің алғашқы қадамы. Өткізу қабілеті 500 МВт-қа артып, 604 км жаңа желі салынады. Аяқталу мерзімі – 2027 жыл.
  • Астана қаласының электрмен жабдықтау сызбасын күшейту – қаланың өсіп келе жатқан электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 500 кВ цифрлық қосалқы станциясының құрылысы. Аяқталу мерзімі – 2028 жыл.
  • Қазақстан БЭЖ-нің өткізу және транзиттік әлеуетін арттыру – «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток (ТТ) желісін салу, транзиттік өткізу қабілетін 2000 МВт-қа дейін ұлғайту, атом электр станциясы (АЭС) мен ЖЭК интеграциясы. Аяқталу мерзімі – 2029 жыл.
Болашақ жобалар:
  • Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда және Шымкент қалаларында 500 кВ жаңа қосалқы станциялар мен электр жеткізу желілерін салу.
  • Қарағанды 500 кВ қосалқы станциясын және Қарағанды-Астана 500 кВ электр жеткізу желісін салу.
  • Батыс энергия торабының қуатын күшейту.
  • «Батыс-Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу.
Барлық жобалар заманауи технологиялар негізінде жүзеге асырылады және 500 кВ жоғары вольтты желілердің толық біріктірілуін қамтамасыз етеді. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін толыққанды қамтып, экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін болады.
Сонымен қатар, 2025-2026 жылдарға арналған күзгі-қысқы кезеңнің алдын ала болжамы ұсынылды. Онда электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету және сұраныстың күрт өзгеруіне байланысты ықтимал қиындықтарға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.



Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс