Баспасөз хабарламалары

KEGOC электр энергетикасы саласындағы ғылыми-зерттеу және техникалық сараптаманы дамытып келеді

«Самұрық-Қазына» қорында портфельдік өндірістік компаниялардағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысты мәселелер қаралды. Кеңес барысында KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов компанияның ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелері туралы баяндады.

KEGOC компаниясында ғылыми-зерттеу қызметі тұрақты түрде жүргізіледі және олар технологиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл отандық энергетика саласының дамуына серпін қосады. Соңғы 5 жылда маңызды технологиялық мәселелерді шешуге арналған 8 ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың көпшілігі гранттық қаржыландыру есебінен орындалды.

2025 жылы іске асыру жоспарланған жаңа технологиялық міндеттердің тізімі жасалды. Олардың қатарында:

  • электр жеткізу желілері сымдарын роботтандырылған тазалау;
  • көк мұздың түзілуімен және вибрациямен күресу;
  • электр энергиясының технологиялық шығындарын оңтайландыру;
  • энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ЖЭК қолданылатын инновациялық шешімдерді ендіру.

KEGOC еліміздегі жетекші ғылыми және оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Бүгінде Nazarbayev University және өзге де салалық университеттерді қоса алғанда, алты ұйым НИОКР жобаларын бірлесіп, жүзеге асыруға дайын екендігін білдіріп отыр.

Компанияда рационализаторлық қызметке де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыт компания үшін экономикалық және сапалық жағынан айтарлықтай тиімді. 2024 жылы рационализаторлық ұсыныстар бойынша өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артты. 2018-2023 жылдар аралығында KEGOC компаниясына 119 млн теңге көлемінде пайда түсті, оның бір бөлігі әзірлеуші қызметкерлерге сыйақы ретінде төленді.

Сонымен қатар, KEGOC Орталық Азиядағы CIGRE ұлттық комитетін құру бастамасын көтеріп отыр. Бұл энергетика саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жол ашып, мамандар арасындағы тәжірибе және білім алмасуға зор мүмкіндік береді.

 

 

 

 

 

 

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс