2025 жылдың сәуір айында «KEGOC» АҚ-да 2025–2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындық шеңберінде Ұлттық электр торабының сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған жөндеу науқаны басталған болатын.
Бекітілген өндірістік жоспарға сәйкес, биыл 99 әуе электр жеткізу желісін (ӘЭЖ) және 43 қосалқы станция жабдығын жөндеу көзделген. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша, бекітілген кестесіне сәйкес 57 ӘЭЖ мен 14 қосалқы станция жабдығын жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жөндеу жұмыстары еліміздің барлық аймақтарында жүргізілуде. Атап айтқанда, мамыр айында «KEGOC» АҚ «Орталық ЖЭТ» филиалында жөндеу жұмыстары басталды. Бұл өңірде 12 ӘЭЖ мен 18 қосалқы станция жабдығын жөндеу жоспарланған. Бүгінде 8 ӘЭЖ мен 6 жабдықтың жөндеу жұмыстары аяқталды. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
«Біздің басты міндетіміз – күзгі-қысқы кезеңге дейін барлық жабдықты сапалы әрі уақтылы дайындау. Бұл – тек техникалық талап емес, тұтас еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жөндеу науқанының әрбір кезеңі нақты бақылауда, біз бекітілген мерзімнен ауытқымай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта Балқаш АЭТ-тің транзиттік 220 кВ 2188-Ж әуе электр жеткізу желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл желі Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласын жарықпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір учаскедегі сапалы жұмыс – Балқаш өңірінің үздіксіз электрмен жабдықталуының кепілі», — дейді «Балқаш» қосалқы станциясының электр желілерін жөндеу жөніндегі 4-разрядты электрмонтері Әділжан Исабаев.
Жөндеу науқанының жоспарға сай жүргізілуі «KEGOC» АҚ-ның 2025–2026 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын уақытылы алуына және елдің энергетикалық жүйесінің жүктеме артатын кезеңде тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.