2025 жылдың алғашқы алты айында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust қоры жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын 21 жаңа жобаны іске асырды. Басты бағыттар – инклюзия, медицина, білім, мәдениет және спорт. Жобалар аясында 200 мыңға жуық адамға қайырымдылық көмек көрсетілді және 168 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Инклюзия. Алматыда ерте араласу орталығы, Астанада инклюзия кабинеті ашылды. Қайырымдылық марафоны барысында 208 млн теңге жиналып, қыркүйек айында тағы 10 жаңа кабинет ашу жоспарлануда. Қазіргі уақытта ел бойынша 46 оңалту орталығы және 15 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр.
Медицина. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы өз жұмысын бастады. Ол 123 ауылды аралап, 90 мың адамға тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетеді..
Мәдениет. Оралда – Ozge Epic креативті хабы, Қызылордада — ірі тарихи-мәдени орталық, ал Семейде көру қабілеті төмен жандарға арналған инклюзивті кітапхана ашылды. Спорт. Ақмола облысының Қажымұқан ауылында спорт кешені салынды, онда 188 бала тегін спорт секцияларына қатысады. Жыл соңына дейін Маңғыстау облысының Дәулет ауылында және Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында спорт кешендерін ашу жоспарлануда.
Білім. «Самұрық Үміті» және «Туған елге саяхат» жобалары аясында 500 оқушы STEM бағыты бойынша оқытылуда. ExxonMobil компаниясымен серіктестікте Атырауда 250 әйел заманауи технологиялар бойынша білім алуда.
Жоспар: Жыл соңына дейін Астана, Көкшетау және Атырау облысының Құлсары қаласында 16 инклюзия кабинеті, 9 оңалту орталығы ашылады. Сондай-ақ Маңғыстау облысының Дәулет ауылында және Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында 2 спорт нысаны, Доссор қаласында мұражай-кітапхана, Таразда ұзақ өмір сүру орталығы іске қосылады.