Баспасөз хабарламалары

KEGOC Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағы электр желілерін күшейту жобасының іске асырылу барысымен таныстырды

«KEGOC» АҚ Жамбыл облысындағы негізгі нысандардың бірі – 500 кВ «Шу» қосалқы станциясында «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағы электр желілерін күшейту» жобасының іске асырылу барысымен таныстырды. Бұл ауқымды жоба стратегиялық маңызға ие: ол еліміздің оңтүстік өңірлерін сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуді күшейтуге, жаңа қуат көздерін, соның ішінде жаңартылатын энергия объектілерін енгізуге инфрақұрылымды дайындауға бағытталған.

Бүгінгі таңда 500 кВ «Шу» қосалқы станциясында жоспарлау жұмыстары аяқталды, жаңа желіні қосуға арналған қабылдау порталы орнатылды, 500 кВ кернеулі төрт фазалы реактор құрастырылды және заманауи коммутациялық жабдықты монтаждау жүргізілуде. Жоба 2027 жылдың ортасында, яғни белгіленген мерзімінен жарты жыл ерте аяқталады.

Жоба аясында ұзындығы 475 км «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр жеткізу желісі салынып, Шу, Жамбыл және Шымкент қосалқы станциялары кеңейтіледі. Жобаның жалпы құны – 154,1 млрд теңге. Жобаны қаржыландыру KEGOC-тың өз қаражаты, Азия Даму Банкінің  несиесі есебінен жүзеге асырылады.

Жобада отандық өндірушілерді қолдауға ерекше мән берілуде: жергілікті қамту үлесі 67%-ға жуық. Барлық жобалық және құрылыс-монтаждау жұмыстары қазақстандық компаниялар арқылы жүзеге асырылуда. Автотрансформаторлар, реакторлар, кабельдік өнімдер, металл конструкциялары мен темірбетон бұйымдары толықтай отандық зауыттардан жеткізілді. Ажыратқыштар мен релейлік қорғау жүйелері секілді жоғары технологиялық жабдықтар Siemens, GE Grid, Prysmian Group және өзге де жетекші әлемдік компаниялардан сатып алынды.

KEGOC оңтүстік өңірдің тұрақты дамуына қажетті энергетикалық негіз қалыптастыруда. Жобаны іске асыру Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары және Алматы қаласы үшін сенімді энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырады. Бұл тұтынушыларды үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, күн және жел станцияларын қоса алғанда, жаңа генерация объектілерін интеграциялауға жағдай туғызады.

АНЫҚТАМА: «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функцияларын орындайды, Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) активтеріне иелік етеді және оларды басқарады. Компанияның негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Балансында жалпы ұзындығы шамамен 28 мың шақырым болатын 220–1150 кВ кернеулі электр жеткізу желілері және трансформаторларының қуаты 38,9 ГВА құрайтын 83 электр қосалқы станциясы бар, олар ҰЭТ-ты құрайды. Компания туралы толығырақ ақпарат оның корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған: www.kegoc.kz



Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші