2025 жылғы 19 желтоқсанда Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде «KEGOC» АҚ «Самұрық-Қазына» қорының Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған салалық форумына қатысты. Аталған алаңға мыңға жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, Қор тобына кіретін компаниялардың басшылары, өндірістік қауіпсіздік пен HR саласындағы сарапшылар, білім беру ұйымдары, сондай-ақ жастар және әлеуметтік бастамалардың қатысушылары болды.
Форум ашық кәсіби диалог алаңына айналды. Күні бойы параллель түрде тақырыптық сессиялар мен панельдік пікірталастар өтті, шеберлік сабақтары, жобалар таныстырылымы және марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Талқылау барысында адам капиталын дамыту, өндірістегі цифрлық шешімдер, қауіпсіздік мәдениеті және экономиканың нақты секторына білікті кадрлар даярлау мәселелері басты назарда болды.
Іскерлік бағдарлама аясында «KEGOC» АҚ өкілдері персоналды дамыту, жастар саясаты және өндірістік қауіпсіздікке арналған тақырыптық сессияларға қатысты. Аталған бағыттар Компания үшін басымдыққа ие болып табылады және ұлттық электр энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысымен тікелей байланысты.
Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылау рәсіміндегі негізгі оқиға — «KEGOC» АҚ, Samruk-Kazyna Trust және Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы арасында «Samruk Unity» әлеуметтік жобасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Жоба балалар үйінің түлектерін қолдауға, олардың кәсіби бағдарын айқындауға және болашақта маман ретінде қалыптасуына көмектесуге бағытталған.
Жастар жобаларының Pecha Kucha форматындағы таныстырылымы да ерекше қызығушылық тудырды. Бұл формат «Самұрық-Қазына» қоры тобына кіретін компаниялардың өндірісте тікелей іске асырылып жатқан практикалық бастамаларын қысқа әрі көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік берді.
«KEGOC» АҚ қызметкерлері цифрландыруды дамытуға, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және персоналдың денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған қолданбалы жобаларды таныстырды. Олардың қатарында жабдықтар туралы техникалық ақпаратқа жедел қол жеткізуді қамтамасыз ететін «QR код — цифрлық қосалқы станцияға қадам» жобасы, жабдықтар мен құралдарды ақылды QR-таңбалау жүйесі — AnyqQod, сондай-ақ жұмыс күніне өндірістік гимнастиканы енгізуге бағытталған «Өмірге сүруге үзіліс» жобасы бар.
Бағалау қорытындысы бойынша Сарыбай ЖЭТ және Оңтүстік ЖЭТ филиалдарының жастары жүзеге асырған «QR код — цифрлық қосалқы станцияға қадам» жобасы 2026 жылы «7 Qadam PRO» бағдарламасы аясында одан әрі ауқымдандыру мүмкіндігіне ие болатын үздік 7 бастаманың қатарына енді.
Аталған бастамалар «KEGOC» АҚ жастарының белсенді ұстанымын, жұмысшы мамандықтарды дамытуға деген қызығушылығын және энергетика саласында заманауи, технологиялық әрі қауіпсіз шешімдерді енгізуге ұмтылысын айқын көрсетті.
«KEGOC» АҚ адам капиталын дамытуға, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және саналы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдап, Қазақстанның энергетика саласына кадрлар даярлауға өз үлесін қосып келеді.