Баспасөз хабарламалары

Жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде: KEGOC басшысы Оңтүстік энергия торабын күшейту жобасын іске асыру бойынша жұмыс кездесуін өткізді

KEGOC басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағындағы электр желісін күшейтуге бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Ол нысандардағы құрылыс жұмыстарының және жобалық іс-шаралардың барысымен танысты.

Аталған жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің өткізу қабілетін дамытуға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде «Алматы – Жамбыл» бағыты бойынша Солтүстік–Оңтүстік транзитінің өткізу қабілеті 440 МВт-қа артады, сондай-ақ газ генерациясы мен жаңартылатын энергия көздері негізіндегі жоспарланып отырған жаңа қуаттарды энергожүйеге интеграциялау үшін қажетті жағдайлар жасалады. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 475 км болатын кернеуі 500 кВ екі электр жеткізу желісін салу көзделген.

Жобаны іске асыру «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда және ерекше бақылауда тұр. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жобаны іске асыру мерзімі қысқартылды. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылғы 1 шілдеге жоспарланған, бұл бастапқыда белгіленген мерзімнен алты айға ертерек. Кестеге сай барлық кезеңдер бойынша жұмыстарды жеделдетуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда, оның ішінде жабдықтарды мерзімінен бұрын жеткізу және құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімдерін оңтайландыру қарастырылған. Қазіргі уақытта жоба бекітілген кестеден озық және қарқынды іске асырылып келеді.

Бүгінгі таңда жобаның барлық нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Үш қосалқы станцияға негізгі материалдартолығымен жеткізілген. Кернеуі 500 кВ болатын коммутациялық жабдық толығымен жеткізіліп, қазіргі уақытта қосу-сынау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, электр желілері тартылуда. «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» электр жеткізу желілері бойынша құрылыс алаңдарына материалдар жеткізіліп, тіректердің іргетастарын орнату және жобада көзделген өзге де жұмыстар атқарылып жатыр.

Барлық жұмыстар қысқартылған өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.

Кеңес барысында KEGOC басшысы жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және сапа талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды. Мердігер ұйымдарға өзара үйлесімді әрекет етуді қамтамасыз ету, құрылыс-монтаж және қосу-сынау жұмыстарын уақтылы аяқтау, сондай-ақ жергілікті қамту бойынша қабылданған міндеттемелерді толық әрі бұлжытпай орындау негізгі басымдықтар ретінде белгіленді.

KEGOC жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, Қазақстанның оңтүстік өңірлерін тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жобаның іске асу барысын жүйелі түрде бақылауды жалғастырады.


Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші