Баспасөз хабарламалары

Қазақстан БЭЖ-інің 2022 жылғы 19 қаңтардағы жағдайы жөнінде баспасөз хабарламасы

«KEGOC» АҚ Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі (БЭЖ) шиеленіскен жағдай Павлодар энергия торабының электр станцияларындағы энергия блоктарының істен шығуына байланысты күшейіп отырғандығын хабарлайды.

19 қаңтар күні сағат 03:15-те Еуразиялық энергетикалық корпорациясының (ЕЭК) №4 энергоблогындағы К-4 А корпусы апатты түрде ажыратылды. Кеше түнде сағат 23:48-де Екібастұз ГРЭС-1-дегі №2 энергоблок апатты түрде сөндірілді.

Бұдан ертерек, яғни 18 қаңтар сағат 15:10-да Екібастұз ГРЭС-2-де №2 энергия блогы авариялық түрде ажыратылды. Бұл ретте Екібастұз ГРЭС-2-нің №1 энергия блогында және Екібастұз ГРЭС-1-дің №5 энергия блогында авариялық жөндеулер жалғасуда.

Генерацияның айтарлықтай төмендеуіне байланысты Қазақстан БЭЖ-інде электр энергиясы мен қуат тапшылығының ұлғаюы жалғасуда. Қалыптасқан жағдай Ресейдің энергия жүйесімен шекарада қуаттың жол беруге болмайтын ауытқуларына және мемлекетаралық электр желілерінің жүйелік аварияның туындау қаупімен шамадан тыс жүктелуіне әкелуі мүмкін.

«Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде авариялық бұзушылықтарды болдырмау және оларды жою жөніндегі қағидалардың» 32-тармағына сай жергілікті атқарушы органдармен келісілген тізбеге сәйкес Қазақстан БЭЖ-інде бірқатар ірі өнеркәсіптік тұтынушылардың электр тұтынуына шектеу енгізілуде. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен келісілген тізбеге сәйкес жүргізілетін шектеулер жайында хабардар етілді.

«KEGOC» АҚ объектілері штаттық режимде, ұлттық электр торабының жабдықтары толық құрамда жұмыс істеп тұр.

 

 

«KEGOC» АҚ


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс