Баспасөз хабарламалары

«KEGOC» АҚ-да ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесін қорытындылау семинары өтті

«KEGOC» акционерлік қоғамында ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесін қорытындылау бойынша семинар өтті. Семинар барысында квазимемлекеттік ұйымдарда мемлекеттік тіл саясатын жүргізу және құжатайналымдағы мемлекеттік тілдің үлесі бойынша мәселелер талқыланды.

Жиынды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е. Тілешов кіріспе сөзбен ашып берді.

«KEGOC» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ өкілдері мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстары жайында баяндап, өзара іс-тәжірибиемен бөлісті.

«KEGOC» АҚ-да 2022 жылы 372 қызметкер қазақ тілін оқыту курстарына қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды. Биылғы жылы 515 қызметкер, соның ішінде Атқарушы дирекциядан 300 және филиалдардан 215 қызметкердің оқыту курстарына қатысуы жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қызметкерлерге мемлекеттік тілде құжат әзірлеуде әдістемелік көмек ретінде кеңес беру-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» әдістемелік құралы әзірленіп, компанияның ішкі порталында орналастырылған. Сондай-ақ, энергетика және өзге де салалар бойынша 5000-нан астам терминдер қамтылған сөздік әзірленді.

          Қажетті оқу құралдарымен жабдықталған қазақ тілі кабинеті жұмыс істейді. Кабинетте оқыту курстары, тестілеу, іс жүргізушілерге арналған семинарлар, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тілдік емтиханға дайындықтар өткізіледі.

Сондай-ақ, компания құжатайналымындағы мемлекеттік тілдегі үлесіне ай сайын мониторинг жүргізіледі. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, биылғы жылдың І тоқсанында жалпы Компания бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың пайыздық көрсеткіші 85%-ды, ал ішкі құжатайналымы бойынша 83% құрады.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың ресми интернет ресурстарындағы қазақ тілінің қолданысына жүргізген мониторинг нәтижесін бойынша жоғары ұпай жинаған ұйымдардың тізіміне KEGOC, ҚазТрансОйл, Бәйтерек, Даму, QazExpoCongress, Эйр Астана кірген болатын. Яғни, «KEGOC» АҚ Қазақ тілі контентінің берілу көлемі мен сапасын бағалау критерийлері бойынша ең жоғары 10 ұпай жинап, сайтта орналастырылған материалдарының барлық тілдік нұсқаларының мазмұны мен сапасы бойынша ұлттық компаниялар арасында үздік деп танылды.

 

Анықтама:

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтерін иеленеді және басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 шақырым болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы  электр станциялары бар. Компания туралы толық ақпарат www.kegoc.kz корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған.

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс