Тіл саясаты

Энергетика саласы қазақша сөйлейді

Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – барлық сала үшін ортақ міндет. Бұл үрдістен энергетика саласы да тыс қалып отырған жоқ. Елдің энергетикалық жүйесінің тірегі саналатын «KEGOC» акционерлік қоғамы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған кешенді жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл үшін компанияда арнайы құжаттар қабылданып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылады.

Биыл KEGOC компаниясында мемлекеттік тілді дамыту және аударма жұмысын ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ 2025–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған құжаттарда мемлекеттік тілді қолданудың нақты тәртібі мен жауапкершіліктер белгіленіп, әрбір бөлімше мен қызметкердің құзыреті айқындалды. Осылайша, компанияда құжат айналымының басым бөлігі қазақ тілінде жүргізілуде. Бүгінгі таңда Атқарушы дирекцияда құжаттардың 95-98 пайызы, ал өңірлік филиалдарда 99-100 пайызы мемлекеттік тілде рәсімделіп отыр. Бұл – KEGOC-тың мемлекеттік тіл саясатын табанды түрде жүзеге асырып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар қызметкерлердің тілдік құзыретін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Атқарушы дирекция мен филиалдарды қоса алғанда 2024–2025 жылдары жалпы 1006 қызметкер қазақ тілін оқыту курстарынан өтті, ал ағылшын тілін меңгеру үшін 317 маман арнайы сабақтарға қатысты. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға арналған «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеулер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Тек биылдың өзінде 629 қызметкер сертификаттау және диагностикалық тест тапсырды. Мұндай көрсеткіштер KEGOC ұжымының кәсіби дамуымен қатар, тілдік біліктілігін де үздіксіз жетілдіріп отырғанын көрсетеді.

Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылуы тек құжат айналымымен шектелмей, өндірістік ортада да кеңінен дамып келеді. Компания балансындағы 83 қосалқы станцияның атаулары толықтай қазақшаланып, барлық көрнекі ақпараттар мен нұсқағыш белгілер заң талаптарына сәйкестендірілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, техникалық және өндірістік құжаттаманың барлығы мемлекеттік тілде жүргізілмек.

Бұдан бөлек, KEGOC ұжымы мәдени-ағартушылық шаралар арқылы мемлекеттік тіл саясатын қолдап келеді. Биыл ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай компания көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Этнос өкілдері арасында диктант жазу, мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар арасында эссе байқауы, қызметкерлердің балалары арасында әдеби оқу сайысы өткізілді. Сонымен бірге «Абай – замана заңғары» атты театрландырылған қойылым сахналанып, жас мамандардың өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл шара ұжымдық рухты көтеріп қана қоймай, корпоративтік құндылықтарды нығайтып, жас буын қызметкерлердің жан-жақты дамуына серпін берді.

Осылайша, KEGOC-та мемлекеттік тіл саясатын дамытуға арналған жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Құжат айналымының қазақ тілінде толыққанды жүзеге асуы, мыңнан астам қызметкердің оқыту курстарынан өтуі, Абайдың мерейтойына арналған мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – компанияның тек энергетика саласында ғана емес, тіл саясатын ілгерілетуде де көшбасшы екенін дәлелдеп отыр.

Мемлекеттік тіл – KEGOC үшін қағаз жүзіндегі талап қана емес, корпоративтік мәдениеттің өзегіне айналып келеді.

Егемен Қазақстан газетінен

Мемлекеттік тілге басымдық берген компания - 23 Желтоқсан, 2025

Жедел желі

Кері байланыс

Көмекші