«KEGOC» АҚ-ның энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі міндеттері тұтынылатын отын-энергетикалық ресурстардың көлемін азайту, оның ішінде «KEGOC» АҚ объектілерінің өз қажеттіліктеріне энергия ресурстарының шығынын азайту, оны ҰЭТ арқылы жеткізу кезінде электр энергиясының технологиялық шығыстарын азайту, энергия шығындарын бақылау механизмдерін жетілдіру және Компания объектілерін электр энергиясын есепке алу құралдарымен жарақтандыру және басқа да отын-энергетикалық ресурстар, есепке алу аспаптарының деректері негізінде ақпарат жинау процесін ұйымдастыру болып табылады.

2024 жылы отын-энергетикалық ресурстарды тұтыну 2023 жылмен салыстырғанда 551 803,99 ГДжға өсті, бұл негізінен Компания желілері арқылы электр энергиясын нақты беру көлемінің артуына байланысты электр энергиясын тұтынудың ұлғаюымен түсіндіріледі.
«KEGOC» АҚ-ның жалпы энергия тұтынуын төмендетудегі ең үлкен әсер электр энергиясын электр желілері арқылы беру кезіндегі технологиялық шығындарды азайту шаралары есебінен қол жеткізіледі. Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) ерекшелігі — ірі генерация көздерінің Солтүстік аймақта шоғырлануы және негізгі бағыттар бойынша ұзындығы 1000 км-ге дейін жететін транзиттік электр беру желілерінің (Солтүстік — Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облысы — Ақтөбе облысы) болуы. Мұндай құрылым ел аумағының үлкендігімен түсіндіріледі және электр энергиясының технологиялық шығындары деңгейіне (техникалық шығындар) айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, «KEGOC» АҚ желілеріндегі электр энергиясының технологиялық шығындарының көлемі шекаралас мемлекеттердің энергожүйелерінің жұмыс режимдеріне (транзит, экспорт және импортты қоса алғанда), сондай-ақ электр беру параметрлеріне әсер ететін климаттық жағдайларға байланысты.

2024 жылы «KEGOC» АҚ желілеріндегі электр энергиясының технологиялық шығыны 3,069 млрд кВт•сағ құрап, электр энергиясын желіге беру көлемінің 5%-ына тең болды.