«KEGOC» АҚ-да өндірістік қалдықтар жабдықтарды пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту процесінде түзіледі. Компания көмір электр станцияларын, көмір жағу және күкірттен тазарту қондырғыларын пайдаланбайды, сондықтан «KEGOC» АҚ қызметінде күл мен гипс қалдықтары түзілмейді.
Қалдықтарды басқару Қазақстан Республикасының Экология кодексі мен «KEGOC» АҚ-да қалдықтарды басқару» ұйым стандартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Осы құжаттарға сәйкес, барлық қалдықтар қауіпті және қауіпсіз болып жіктеледі. Қалдықтарды басқару жүйесі Компанияның бүкіл қызметіне, соның ішінде шарт талаптарына және Өнім берушінің кодексіне сәйкес филиалдар мен мердігерлік ұйымдарға қолданылады. Бұл KEGOC-тың жұмыс істеп тұрған объектілерінде де, жаңа жобаларды жоспарлау мен іске асыру кезінде де қалдықтармен жұмыс істеуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
«KEGOC» АҚ қалдықтармен жұмыс істеу саласында мердігерлік ұйымдарды кеңейтілген бақылау тәжірибесін кезең-кезеңімен енгізуде. Белгіленген талаптар шеңберінен шыға отырып, ашықтық пен экологиялық жауапкершілікті арттыру мақсатында және ESG қағидаттарын басшылыққа ала отырып, «KEGOC» АҚ 2024 жылдан бастап мердігерлік ұйымдардың берілген қалдықтарды өңдеу әдістері мен түпкілікті кәдеге жаратылуы туралы есептілікті ұсыну талабын белгіледі.
«KEGOC» АҚ-ның өндірістік қалдықтары Ұлттық электр торабын дамыту және оған қызмет көрсету бойынша қызметпен тікелей байланысты. Олардың көлемі көбінесе жабдықтарды ауыстыру мерзімдері және қолданылатын материалдарға қойылатын регламенттелген талаптарда айқындалады. Бұл Компанияның түзілетін қалдықтар көлемін айтарлықтай азайту мүмкіндіктерін шектейді. Соған қарамастан, «KEGOC» АҚ экологиялық жүктемені төмендету бойынша дәйекті шараларды іске асыруда: ҒЗТКЖ шеңберінде әзірленген шешімдерді енгізу есебінен жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартады, қалдықтарды бөлек жинау жүйелерін дамытады және қалдықтарды қайта өңдеуге беруді қамтамасыз етеді, осылайша олардың көлемін азайтып, электр торабтарын пайдалану сенімділігін арттырады. Қалдықтардың қауіпті түрлерін бөгде ұйымдарға беру қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, зарарсыздандыру, кәдеге жарату және/немесе жою құқығын беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады. Қалдықтардың тізбесі мен олардың қауіптілік деңгейі қалдықтардың құрамы, көлемі немесе олармен жұмыс істеу жағдайлары өзгерген кезде тұрақты түрде жаңартылып отыруы тиіс.
«KEGOC» АҚ қалдықтарды өздігінен қайта өңдеудемейді. Сонымен қатар, Компания олармен қауіпсіз жұмыс істеудің толық циклін қамтамасыз етеді: жинауды, паспорттауды, мамандандырылған алаңдарда уақытша бөлек сақтауды, бөгде ұйымдарға қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға беруді, сондай-ақ шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауды ұйымдастырады. Қалдықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестікте тапсырылады.
«KEGOC» АҚ қалдықтарының жалпы көлемі,* тонна
|
Жыл |
2021 |
2022 |
2023 |
2024 |
2025 |
|
Қалдықтар |
4326,09 |
2635,99 |
3345,77 |
3586,831 |
3091,85 |
Динамика 2024 жылмен салыстырғанда төмендеуді көрсетеді. Бұл «KEGOC» АҚ-ның қалдықтарды азайту бойынша жүйелі жұмысын айшықтайды. Сонымен қатар, қалдықтардың сипаты мен қайта өңдеу инфрақұрылымындағы өңірлік айырмашылықтар қалдықтарды азайту немесе қайта өңдеу бойынша бірыңғай KPI белгілеуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Компания қалдықтармен жұмыс істеу процестерін жүйелі басқаруға, атап айтқанда жыл сайынғы ішкі және сыртқы аудиттерге, бөлек жинауды дамытуға және мердігерлік ұйымдар жұмысының ашықтығын арттыруға баса назар аударады.
Аудит және бақылау
Қалдықтарды басқару жүйесі аудит жүргізуді, қалдықтардың түзілуін азайту жөніндегі іс-шараларды, оларды қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға немесе қалпына келтіруге беруді көздейді. Қалдықтарды басқару және есептілікті жүргізу жауапкершілігі Еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік департаментіне жүктелген, филиалдардың тоқсан сайынғы есептілігі қарастырылған, іс-шаралардың орындалуына мониторинг жарты жылдық негізде жүргізіледі, нәтижелері жыл сайын атқарушы басшылық деңгейінде қаралады.
Компанияның әрбір объектісінде жыл сайын қалдықтармен жұмыс істеу аудиті, соның ішінде уақытша жинақтау, сұрыптау және есепке алу журналдарын жүргізу жағдайларын тексеру жүргізіледі. Бұдан басқа, қалдықтарды басқару сертификатталған Экология менеджменті жүйесі ISO 14001 шеңберіндегі сыртқы аудиттер барысында бағаланады.
Қалдықтарды барынша азайтуға арналған инновациялар және ҒЗТКЖ
«KEGOC» АҚ жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартуды өндірістік қалдықтардың түзілуін болдырмаудың бағыттарының бірі ретінде қарастырады. 2023–2024 жылдары Компания микропроцессорлық релелік қорғау және автоматика құрылғылары бар қосалқы станциялардағы бақылау кабельдерінің экрандаушы қабықтарын жерге тұйықтау қажеттілігіне зерттеу жүргізді және оның нәтижелерін енгізді. Әзірленген талаптар кабельдер мен РҚА құрылғыларының қызмет ету мерзімін ұзартуға, оларды ауыстыру қажеттілігін азайтуға және кабель сынықтарының түзілуін қысқартуға бағытталған.
2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру басталды: судың жұғуы мен мұздың жабысуын болдырмайтын әуе желілерінің сымдарына арналған су өткізбейтін жабындардың зертханалық прототипін әзірлеу және сымдарды ластанудан тазартуға арналған роботты әзірлеу. Жұмыстар тиісінше Қазақстан-Британ техникалық университетімен және Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетімен бірлесіп орындалуда. Жобаларды іске асыру кезеңі – 2025-2026 жылдар.
Қалдықтарды барынша азайту тұрғысынан бұл ҒЗТКЖ судың жұғуы мен мұздың жабысуын болдырмау және ластануды жою есебінен сымдарды мерзімінен бұрын ауыстыру қажеттілігін төмендетуге бағытталған. Бұл өткізгіш материалдар мен металл сынықтары қалдықтарының түзілуін қысқартуға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерді оқыту және олардың қатысуы
«Таза Қазақстан» республикалық бастамасын іске асыру мақсатында жыл бойы Компанияның барлық филиалдарында қызметкерлер үшін сенбіліктер, қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сағаттары және басқа да экология бойынша іс-шаралар өткізілді. Осы бастамалар шеңберінде филиалдар 4 690 ағаш көшетін отырғызды, ал Астана қаласындағы Атқарушы дирекцияның қызметкерлері қаладағы екі мектептің аумағында қосымша 90 ағаш отырғызды.
Барлық тоғыз «ЖЭТ» филиалы мен Атқарушы дирекция пластикті ақылға қонымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және экология тұрғысынан тұрақты шешімдерді енгізуге бағытталған Smart Plastic Zone жобасына қатысты.
Өтінімдерді бағалау қорытындысы бойынша барлық филиалдар GOLD алтын дәрежесіне ие болды, ал Атқарушы дирекция ең жоғары марапат – PLATINUM дәрежесін алды.
Құзыреттілік деңгейін арттыру және экология бойынша заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылғы мамырда ЖЭТ филиалдарының қоршаған ортаны қорғауға жауапты қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының Экология кодексіндегі өзгерістер мен түзетулерге арналған корпоративтік оқыту өткізілді.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде Компания қызметкерлері ішкі эко-жаттықтырушылар пулын қалыптастыру мақсатында қалдықтарды сұрыптау бойынша мамандандырылған тренингке қатысты. Оқудан 10 қызметкер өтті, олар кейіннен өз филиалдарында қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, Компания ішінде экология практикасын таратты.